«Семей орманында» бір күнде төрт өрт шықты: мамандар тұрғындарға ескерту жасады
Алдын ала мәлімет бойынша, өрттердің шығуына найзағай себеп болған
4 шілдеде «Семей орманы» мемлекеттік орман табиғи резерватының аумағында бірден төрт орман өрті тіркелді. Өрт ошақтарының барлығы қысқа уақытта толық сөндірілді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитетінің мәліметінше, өрт анықталған сәттен бастап мемлекеттік орман күзетінің қызметкерлері оны сөндіруге дереу кіріскен. Жедел әрекеттің арқасында барлық өрт қысқа мерзімде толықтай ауыздықталды.
Алдын ала мәлімет бойынша, өрттердің шығуына найзағайдың түсуі себеп болған. Алайда өңірде найзағайлы ауа райы сақталып тұрғандықтан, орман өртінің туындау қаупі әлі де жоғары.
Осыған байланысты мамандар тұрғындар мен демалушыларды өрт қауіпсіздігі талаптарын қатаң сақтауға, табиғат аясында аса мұқият болуға және жаңа өрттердің алдын алуға шақырды.