Алматыда жеңіл көлік аударылып, екі адам зардап шекті
Kia тізгіндеген жүргізуші Төле би даңғылымен батыс бағытқа қарай бет алған
Алматының Әуезов ауданында жол жөндеу жұмыстары жүріп жатқан учаскеде ірі жол-көлік оқиғасы болды. Kia маркалы автокөлігі салынып жатқан жол өтпесінің тірегіне соғылып, аударылып кеткен, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Алдын ала мәлімет бойынша, Kia тізгіндеген жүргізуші Төле би даңғылымен батыс бағытқа қарай бет алған. Яссауи көшесінен өткеннен кейін, жол жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатқан тұста ол тізгінге ие бола алмай қалған. Соққының қатты болғаны соншалық, көлік салынып жатқан көпірдің бетон тірегіне соғылып, аударылған.
«Жол-көлік оқиғасы салдарынан автокөлік жүргізушісі ауыр жарақаттармен қалалық ауруханалардың біріне жеткізілді. Сондай-ақ, көлік ішінде болған жолаушы әйелге де шұғыл медициналық көмек қажет болды», — деп хабарлады Алматы қалалық ПД өкілдері.
Тәртіп сақшыларының алдын ала болжамы бойынша, апатқа қауіпсіз қозғалыс жылдамдығын сақтамау себеп болуы мүмкін. Қазіргі уақытта бұл дерек бойынша қылмыстық іс қозғалып, тергеу амалдары басталды.