Қазақстанда докторантураға құжат қабылдау басталды
Құжат қабылдау 3 тамызға дейін жалғасады, ал емтихандар 4–20 тамыз аралығында өтеді
Қазақстанда 3 шілдеден бастап докторантураға түсу емтиханына қатысу үшін өтініш қабылдау басталды. Құжаттар 3 тамызға дейін қабылданады, ал емтихандар 4–20 тамыз аралығында өтеді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy Ғылым және жоғары білім министрлігіне сілтеме жасап.
Түсу емтиханына тіркелу ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігінің Ұлттық тестілеу орталығының сайтында жүргізіледі. Докторантураға түсушілер тек бір жоғары оқу орнын және бір білім беру бағдарламалары тобын таңдай алады.
Егер талапкер тестілеу өтетін қаланы, білім беру бағдарламаларының тобын немесе емтихан тапсыру тілін өзгерткісі келсе, 3 тамызға дейін өтінішті өңдеуге немесе жоюға мүмкіндік беріледі. Тестілеудің өтетін орны мен уақыты туралы ақпарат талапкердің жеке кабинетінде 9 тамызда жарияланады.
Министрліктің мәліметінше, түсу емтиханы әңгімелесуден, эссе жазудан және білім беру бағдарламасы тобының бейіні бойынша емтихан сұрақтарынан тұрады.
Емтиханның ең жоғары нәтижесі – 100 балл. Оның ішінде:
- әңгімелесу – 30 балл;
- эссе – 20 балл;
- бейіндік емтихан сұрақтары – 50 балл.
Докторантураға мемлекеттік білім беру тапсырысы және ақылы негізде түсу конкурсына қатысу үшін кемінде 75 балл жинау қажет.
Докторантураға түсу үшін талапкерлер ҚАЗТЕСТ жүйесі бойынша мемлекеттік тілді меңгергенін растайтын сертификатты, сондай-ақ кемінде В1 деңгейіндегі шет тілін меңгергенін растайтын сертификатты ұсынуы тиіс. Бұл талап «Дене шынықтыру педагогтерін даярлау», «Музыка педагогтерін даярлау», «Қазақ тілі мен әдебиеті педагогтерін даярлау» және «Орыс тілі мен әдебиеті педагогтерін даярлау» білім беру бағдарламалары топтарына түсетін талапкерлерге қолданылмайды.
TOEFL ITP сертификаты бар талапкерлер түсу емтиханы басталғанға дейін ағылшын тілінен қосымша тестілеуден өтеді.
Министрлік 2026 жылдан бастап талап етілетін құжаттар тізіміне ғылыми зерттеу жобасы (Research Proposal), соңғы үш күнтізбелік жылдағы ғылыми жарияланымдар тізімі (бар болса), зерттеу жүргізу жоспары және эссе енгізілгенін хабарлады.
Сонымен қатар талапкерлер бейіндік докторлар, оның ішінде индустриялық PhD және DBA (Doctor of Business Administration) бағдарламалары бойынша да оқуға түсе алады. Бұл бағдарламаға түсушілер үшін шет тілін меңгеру деңгейін растайтын сертификат талап етілмейді.
Сондай-ақ бейіндік докторлар бағдарламасына түсетін талапкерлер түсу емтиханында эссе жазбайды. Бұл бағдарлама бойынша ең жоғары балл – 80. Оның ішінде әңгімелесу – 25 балл, бейіндік емтихан сұрақтары – 50 балл, ал кәсіпорындар мен ұйымдардың ұсыным хаты болған жағдайда қосымша 5 балл беріледі. Конкурсқа қатысу үшін талапкер кемінде 50 балл жинауы қажет.