Науқан басталды: ОСК Құрылтай депутаттарын сайлаудың күнтізбелік жоспарын бекітті
ОСК Құрылтай депутаттарын сайлау науқаны бойынша кестені белгіледі
Орталық сайлау комиссиясы 23 тамызға тағайындалған Қазақстан Республикасы Құрылтайының депутаттарын сайлауды дайындау мен өткізудің негізгі іс-шараларының күнтізбелік жоспарын бекітті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
«Күнтізбелік жоспардың бекітілуі сайлау науқанының ресми басталғанын білдіреді. Бұл құжат Қазақстан Республикасының Конституциясы мен «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» Конституциялық заңға сәйкес барлық сайлау рәсімдерінің кезектілігі мен мерзімдерін айқындайды, олардың уақытылы ұйымдастырылуын қамтамасыз етеді және сайлау процесіне қатысушылардың барлығы үшін тең құқықтық жағдайлар қалыптастырады», – деп атап өтті Қазақстан Республикасы Орталық сайлау комиссиясы төрағасының орынбасары Мұхтар Ерман.
Күнтізбелік жоспарға сәйкес, 2 шілдеден бастап 13 шілде аралығында сағат 18:00-ге дейін саяси партиялар партиялық тізімдерін ұсына алады. Кандидаттардың Қазақстан Республикасының Конституциясы мен «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» Конституциялық заңның талаптарына сәйкестігі тексерілгеннен кейін Орталық сайлау комиссиясы оларды тіркеуді жүзеге асырады. Тіркеу дауыс беру күніне отыз күн қалғанда, яғни 23 шілде күні сағат 18:00-ден кешіктірілмей аяқталады.
Сайлау алдындағы үгіт 2026 жылғы 23 шілде сағат 18:00-ден кейін басталып, 22 тамыз сағат 00:00-ге дейін жүргізіледі. 22 тамыз – тыныштық күні. Бұл күні сайлау алдындағы үгіт жүргізуге жол берілмейді.
16 шілдеден кешіктірілмей сайлау учаскелерінің шекаралары мен учаскелік сайлау комиссияларының құрамдары жарияланады.
2 тамызда жергілікті атқарушы органдар сайлаушылар тізімдерін учаскелік сайлау комиссияларына береді, ал 7 тамыздан бастап сайлаушылар тізімдермен танысып, ондағы деректердің дұрыс енгізілгенін тексере алады.
Дауыс беру 23 тамыз күні жергілікті уақыт бойынша 07.00-ден бастап 20.00-ге дейін өтеді. Сайлау учаскелері жабылғаннан кейін дауыстарды санау басталады, ал сайлау қорытындыларын Орталық сайлау комиссиясы он күн ішінде айқындайды.