БҚО-да ер адам трактор ұрлап, полициядан қашқан
Оқиға 26 маусым күні болды
Батыс Қазақстан облысының Бөрлі ауданында полиция қызметкерлері трактор ұрлады деген күдікке ілінген ер адамды қолға түсірді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Полиция департаментінің мәліметінше, 26 маусым күні полицияға ауыл шаруашылығы алқабынан трактордың ұрланғаны туралы хабарлама түскен. Жедел-іздестіру іс-шаралары барысында Бөрлі аудандық полиция бөлімінің қызметкерлері күдіктінің жүрген жерін қысқа уақыт ішінде анықтап, қолға түсірді.
Алдын ала мәлімет бойынша, ер адам полициядан құтылу үшін тракторды айдап кетіп, автожолға жетпек болған. Сондай-ақ оның бұған дейін көлік құралын ұрлағаны үшін қылмыстық жауапкершілікке тартылғаны белгілі болды.
«Күдікті уақытша ұстау изоляторына қамалды. Қажетті тергеу әрекеттері аяқталғаннан кейін трактор заңды иесіне қайтарылды. Аталған дерек бойынша көлік құралын заңсыз иелену фактісімен сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізіліп жатыр. Полиция департаменті ауыл шаруашылығы техникасының иелеріне көлік құралдарын қараусыз қалдырмауға, ұрлыққа қарсы қорғаныс құралдарын пайдалануға және қандай да бір заңсыз әрекет байқалған жағдайда дереу полицияға хабарлауға кеңес берді», – делінген Полиция департаментінің хабарламасында.