СҚО-да жол апатынан кейін мас жолаушы жедел жәрдем қызметкеріне шабуыл жасады (ВИДЕО)

Қылмыстық іс қозғалды

СҚО-да жол апатынан кейін мас жолаушы жедел жәрдем қызметкеріне шабуыл жасады (ВИДЕО)
Фото: ЖИ арқылы жасалды

Солтүстік Қазақстан облысында алғаш рет жедел медициналық жәрдем қызметкеріне күш қолдану бойынша қылмыстық іс тіркелді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Оқиға 23 маусым күні Шал ақын ауданындағы Чудесай өзенінің маңында болған. Мұнда Lada автокөлігі аударылып қалған. Оқиға орнына патрульдік полиция қызметкерлері мен жедел жәрдем бригадасы келген. Алайда қызметтік міндетін атқарып жүрген медицина қызметкерлеріне көліктегі жолаушылардың бірі кедергі келтірген. Мас күйде болған 62 жастағы ер адам 37 жастағы медбикенің қолынан, аяғынан және іш тұсынан бірнеше рет соққы жасаған.

Тәртіп сақшылары агрессивті ер адамды тоқтату үшін күш қолдануға мәжбүр болды. Ол ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды.

Аталған факті бойынша жедел медициналық жәрдем қызметкеріне қатысты күш қолдану бабы бойынша қылмыстық іс қозғалды. Заңнамаға сәйкес, бұл қылмыс үшін ірі көлемде айыппұлдан бастап бас бостандығынан айыруға дейінгі жаза қарастырылған.

Тексеру барысында көлікте болған үш адамның да мас күйде болғаны анықталды. Ал жол-көлік оқиғасына кінәлі 52 жастағы аудан тұрғыны 20 тәулікке әкімшілік қамауға алынып, 7 жылға көлік басқару құқығынан айырылды.