Оған ұялы телефондар қалай жеткізілгенін тергеу жұмысы жүріп жатыр
Екібастұз қаласындағы №47 ең төменгі қауіпсіздік мекемесінде сотталған азамат колония аумағына екі ұялы телефонды жасырын алып өтпек болған. Алайда тыйым салынған заттар тексеру кезінде анықталды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Оқиға сотталушының жұмыстан мекемеге оралуы кезінде болған. Тінту барысында қызметкерлер оның сөмкесінен екі ұялы телефон тапқан. Екі құрылғы да жарамды күйде болған және ішіне SIM-карталар салынған.
Павлодар облысы бойынша Қылмыстық-атқару жүйесі департаментінің мәліметінше, тыйым салынған заттарды анықтау сәті стационарлық бейнебақылау камералары мен қызметкерлердің бейнетіркегіштеріне жазылып қалған. Сондай-ақ аталған сотталушы бұған дейін профилактикалық есепте тұрмаған.
«Қолданыстағы заңнамаға сәйкес сотталған азамат тәртіптік изоляторға қамалды. Қазіргі уақытта құқық бұзушылықтың барлық мән-жайын, сондай-ақ ұялы телефондардың қандай жолмен жеткізілгенін анықтау мақсатында қызметтік тексеру жүріп жатыр», – деп хабарлады Павлодар облысы бойынша ҚАЖД.