Ақтөбеде 70-тен асқан әжей үйін сатып, ақшасын алаяқтарға аударып жіберген
Бұдан бөлек, тағы несие рәсімдеп алған
Ақтөбе облысында 71 жастағы зейнеткер телефон алаяқтарының құрбаны болды. Алаяқтар психологиялық қысым жасап, әжейге несие рәсімдетіп, кейін өз пәтерін саттырып жіберген, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Полиция департаментінің мәліметінше, алдымен әйелге WhatsApp мессенджері арқылы өзін «Энерго Снаб» ЖШС-нің қызметкері ретінде таныстырған белгісіз адам хабарласып, электр есептегішін ауыстыру қажет екенін айтып, 1414 нөмірінен келген кодты айтуды сұраған. Кейін оған өздерін eGov.kz порталының және Ұлттық банктің қауіпсіздік қызметінің қызметкерлеріміз деп таныстырған алаяқтар хабарласып, есепшотындағы қаражатқа қауіп төніп тұрғанын айтып, ақшаны «қауіпсіз шотқа» аударуға көндірген.
Алаяқтардың айтқанын орындаған зейнеткер 500 мың теңге көлемінде несие рәсімдеп, ақшаны олардың көрсеткен шотына аударған. Кейін олар әйелді «мүлкін сақтап қалу» үшін пәтерін шұғыл сатуға үгіттеген. Соның салдарынан ол пәтерін 7,5 миллион теңгеге сатып, түскен қаржының бір бөлігін банк арқылы аударып, қалғанын курьерге берген.
«Банк қызметкерлері күмәнді операцияны байқап, әйелді бірнеше рет ескертіп, ақшаны аудармауға көндіруге тырысқан. Алайда алаяқтардың ықпалында болған зейнеткер олардың ескертуіне құлақ аспаған. Жәбірленуші аталған әрекеттердің барлығын алаяқтардың психологиялық ықпалы мен алдауының салдарынан жасаған. Ақтөбе облысы Полиция департаменті азаматтарды егде жастағы туыстарымен үнемі түсіндіру жұмысын жүргізуге шақырады. Мемлекеттік органдардың, банктердің және коммуналдық қызметтердің өкілдері ешқашан SMS-кодтарды айтуды, несие рәсімдеуді, ақшаны «қауіпсіз шоттарға» аударуды немесе мүлікті сатуды талап етпейтінін ескертіңіздер. Осындай қоңыраулар түскен жағдайда әңгімені бірден тоқтатып, полицияға хабарласу қажет», – делінген ПД хабарламасында.