Серік Жұманғарин: Қазақстан экономикасы жыл соңына дейін кемінде 5 пайызға өседі

2025 жылдың қорытындысы бойынша экономиканың өсуі 6,5%-ды құрады

Серік Жұманғарин: Қазақстан экономикасы жыл соңына дейін кемінде 5 пайызға өседі
Фото: primeminister.kz

Үкімет отырысында премьер-министрдің орынбасары – ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин халықтың әл-ауқатын арттыруға бағытталған экономикалық саясаттың негізгі басымдықтарын таныстырды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Министрдің айтуынша, мемлекет басшысы азаматтардың әл-ауқатын арттыруға, экономиканы тұрақты дамытуға және оның бәсекеге қабілеттілігін күшейтуге бағытталған экономикалық өсудің жаңа моделіне көшуді стратегиялық міндет ретінде айқындаған.

«Халықтың нақты табысын арттыру Үкімет үшін негізгі басымдық болып саналады. Ол үшін Үкімет Ұлттық банкпен және Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігімен бірлесіп, Макроэкономикалық тұрақтандыру және халықтың әл-ауқатын арттыру жөніндегі 2026-2028 жылдарға арналған бағдарламаны іске асыруда. Сондай-ақ биыл халықтың табысын арттыру бойынша жеке бағдарлама қабылдадық», – деді Серік Жұманғарин.

Оның сөзінше, бағдарлама аясында жалақыны арттыру, сапалы жұмыс орындарын құру, азаматтардың борыштық жүктемесін азайту және кәсіпкерлікті дамытуға қолдау көрсету шаралары қабылданады. Сонымен қатар ең төменгі жалақы мөлшерін, азаматтық қызметшілердің және жалдамалы жұмыскерлердің табысын кезең-кезеңімен арттыру мәселесі қаралады.

«Үкіметтің басты бағдары халықтың нақты табысының 2-3%-дан жоғары деңгейде өсуін қамтамасыз ету. Сондай-ақ халық табысының жоғарылауына экономиканың тұрақты, сапалы өсуін қамтамасыз етуге және инфляцияны төмендетуге бағытталған шаралар ықпал ететін болады», – деді министр.

Серік Жұманғарин сыртқы экономикалық жағдайдың күрделенуіне қарамастан, Қазақстан экономикасы тұрақты өсім көрсетіп отырғанын атап өтті.

«2025 жылдың қорытындысы бойынша экономиканың өсуі 6,5%-ды құрады, бұл соңғы жылдардағы ең жоғары көрсеткіштердің бірі болды. Биыл да оң динамика сақталып отыр. Қаңтар-мамыр айларының қорытындысы бойынша экономика 3,7%-ға өсті. Мұнай өндіруді есепке алмағанда өсім 5%-дан асады, бұл экономика құрылымының біртіндеп өзгеруін және шикізатқа жатпайтын салалар рөлінің күшеюін көрсетеді», – деді ол.

Министрдің айтуынша, өңдеу өнеркәсібі экономиканың негізгі драйверлерінің бірі болып қала береді. Машина жасау, құрылыс материалдарын өндіру, фармацевтика, химия өнеркәсібі, азық-түлік өндірісі, құрылыс, көлік, сауда, ауыл шаруашылығы, ақпарат және байланыс салаларында тұрақты өсім байқалады.

«Біздің бағалауымызға сәйкес, жыл қорытындысы бойынша экономиканың өсуі кемінде 5%-ды құрайды», – деп түйіндеді Серік Жұманғарин.