Тоқаев «AMANAT» партиясының «ӘDILET-ке» қосылу туралы шешімін қолдады
Президент бұл стратегиялық шешім екенін айтты
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Парламент палаталарының бірлескен отырысында «AMANAT» партиясының «ӘДІЛЕТ» партиясына қосылу туралы шешіміне қолдау білдірді. Мемлекет басшысы бұл қадам елдегі реформаларды жүзеге асыруға жаңа серпін беретінін айтты, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Президент алдымен «AMANAT» партиясының фракциясы мен партия мүшелеріне атқарған жұмыстары үшін алғыс айтты.
«Сондай-ақ бүгін мен «AMANAT» партиясының фракциясына және барлық мүшелеріне белсенді, байсалды және жасампаз ұстанымдары үшін алғыс айтамын. Сіздер шынайы отаншылдық пен азаматтық жауапкершіліктің озық үлгісін көрсетіп келесіздер», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Мемлекет басшысы партияның жақында өткен съезінде қабылданған стратегиялық шешімге тоқталды.
«Саяси ұйымның таяуда өткен съезінде «ӘDILET» партиясына қосылу туралы стратегиялық шешім қабылданды. Мен бұл тарихи шешімді қолдаймын. Бүгінгі таңда барлық озық әрі жасампаз күш жалпыұлттық құндылықтар мен ортақ мақсаттарға бірігуде. Мұндай қадам елімізде қолға алынып жатқан түбегейлі реформаларға тың серпін берері сөзсіз», – деді президент.
Қасым-Жомарт Тоқаевтың айтуынша, қоғамның басты мақсаты – келер ұрпақ үшін қуатты әрі өркениетті мемлекет қалыптастыру.
«Түптеп келгенде, баршамыздың мұратымыз – бір. Бұл – жас ұрпақтың жарқын болашағына жол ашатын өркениетті әрі озық мемлекет құру. Біздің Қазақстаннан басқа Отанымыз жоқ. Еліміздің ойдағыдай дамуы бізге ғана керек. Ұлт болып ұйысып, жұрт болып жұмыла білсек, біз кез келген белесті бағындырамыз, көздеген мақсатымыздың бәріне қол жеткіземіз», – деді мемлекет басшысы.
Президент сөз соңында ел азаматтарын бірлікке шақырды.
«Қастерлі Тәуелсіздігіміздің тұғырын нығайтып, Әділетті, Қуатты, Қауіпсіз, Таза әрі Озық Қазақстанды құрамыз. Мен бұған кәміл сенемін! Осы жолда аянбай еңбек ету – әр азаматтың перзенттік парызы. Еліміз аман, жұртымыз тыныш, бірлігіміз бекем болсын! Қазақ елі мәңгі жасасын!» – деп түйіндеді Қасым-Жомарт Тоқаев.