Тоқаев Құрылтай сайлауын өткізу туралы жарлыққа қол қоятынын мәлімдеді
Алдағы сайлауда ашық, адал және әділ бәсеке болуға тиіс дейді ол
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Парламент палаталарының бірлескен отырысында жаңа Конституцияның күшіне енуіне байланысты Құрылтай сайлауын өткізу туралы арнайы жарлыққа қол қоятынын мәлімдеді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Мемлекет басшысының айтуынша, жаңа Конституцияның заңды күшіне енуі елдің қоғамдық-саяси дамуындағы жаңа кезеңнің басталуын білдіреді.
«Жаңа Конституцияның заңды күшіне енуі – ұлт тағдырына тікелей әсер ететін тарихи оқиға. Тұғырына қонған Ата заңымыз аса ауқымды қоғамдық-саяси үдерістер кезеңіне жол ашады. Осыған орай, мен бірқатар маңызды құжатқа, соның ішінде Құрылтай сайлауын өткізу туралы арнайы жарлыққа қол қоямын», – деді пПрезидент.
Қасым-Жомарт Тоқаевтың айтуынша, алдағы саяси науқанда партиялар арасындағы бәсеке күшейіп, сайлау ашық әрі әділ өтуі тиіс.
«Соған сәйкес партиялар арасындағы бәсеке де жандана түседі. Біз жасампаз ел ретінде осы саяси науқанды да жоғары деңгейде өткізуіміз керек. Алдағы сайлауда ашық, адал және әділ бәсеке болуға тиіс», – деді мемлекет басшысы.
Президент Қазақстан халқы елдегі өзгерістердің басты қозғаушы күші екенін атап өтті.
«Қазақстан халқы – қоғамда жасалып жатқан түбегейлі өзгерістердің негізгі қозғаушы күші. Азаматтарымыз елдің ертеңіне бейжай қарамай, шешуші сәтте таңдау жасауға қабілетті екенін айқын көрсетіп келеді. Бұл – жауапкершілігі жоғары, бірлігі бекем, рухы және мәдениеті биік ұлттарға ғана тән қасиет. Сайлауға қатысу – елдік істен шет қалмау деген сөз. Осы ретте жұртымыз алдағы саяси науқанға белсене атсалысады деп сенемін», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Сонымен қатар президент жаңа мемлекеттік институт – Құрылтайдың құрамына қойылатын талаптарға да тоқталды.
«Құрылтай – жаңа тұрпатты Қазақстанның маңызды символы. Сондықтан оның құрамына нағыз отаншыл, бастамашыл әрі мемлекетшіл тұлғалар, яғни тек үздіктер ғана кіруі керек. Себебі халық реформалардың қаншалықты нәтижелі болғанын дәл осы Құрылтайдың қызметіне қарап бағалайды», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Мемлекет басшысы VIII шақырылымдағы Сенат пен Мәжіліс депутаттарына атқарған еңбегі үшін алғыс айтып, олардың бір бөлігі жаңа мемлекеттік институттарда жұмысын жалғастыратынына сенім білдірді.
«Осындай маңызды сәтте мен тағы бір мәрте Сенат пен Мәжілістің басшылығына және депутаттарына шынайы ризашылығымды білдіремін. Себебі сіздер мемлекетіміздің игілігі үшін адал әрі қажырлы еңбек еттіңіздер. Жұрттың мұң-мұқтажын батыл көтеріп, ұлт мүддесін бәрінен биік қоя білдіңіздер. Жаңа кезең – жаңа мүмкіндіктер уақыты. Депутаттардың бірқатары Құрылтайға өтіп, ел игілігі жолында еңбек ете береді деп ойлаймын. Қазақстан Халық Кеңесінде де өздеріңіз секілді білікті азаматтар болуы керек деп санаймын», – деді президент.