Бибісара Асаубаева II дәрежелі «Барыс» орденін алғанын көрсетті
Ол осыған дейін орденін алу үшін Астанаға үш рет келіп, үшеуінде де министрлік бермей қойғанын айтқан
Қазақстандық шахматшы Бибісара Асаубаева II дәрежелі «Барыс» орденін алғанын мәлімдеп, мемлекеттік наградасын өзінің Telegram-арнасында көрсетті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Спортшының айтуынша, ол бұл сәтті көптен күткен. Бибісара бұған дейін III дәрежелі «Барыс» орденімен марапатталғанын айтып, енді болашақта I дәрежелі орденді де алуды мақсат етіп отырғанын жеткізді.
«Менде III дәрежелі орден бар, енді I дәрежесі ғана қалды. Сонда толық кавалер боламын. Қараңыздаршы, қандай әдемі», – деді шахматшы марапатын көрсетіп.
Бибісара Асаубаева II дәрежелі «Барыс» орденімен 2025 жылғы 30 желтоқсанда президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың жарлығымен блиц шахматтан әлем чемпионатындағы жеңісі үшін марапатталған болатын.
Осыған дейін, 2024 жылдың қазан айында Республика күні қарсаңында ол III дәрежелі «Барыс» орденіне ие болған.
Бибісара Асаубаева Қазақстанның үздік шахматшыларының бірі саналады және халықаралық жарыстарда бірнеше мәрте жоғары нәтижелерге қол жеткізген.
Айта кетейік, шахматшы қыздың соңғы уақытта басы даудан арылмай қойды. Бибісара Асаубаева министрлік жалақысын үш есе қысқартып, Тоқаевтан көмек сұраған. Артынша, өзіне тиесілі II дәрежелі «Барыс» орденін алу үшін Астанаға үш рет келіп, үшеуінде де ала алмай кеткенін айтқан.
Өз кезегінде Туризм және спорт министрлігі шахматшыға бөлінген қаражат жайлы толық мәлімет жариялады.
Сонымен қатар, жуырда Бибісара Асаубаева қаржылық қолдауының жеткіліксіздігіне байланысты кезекті рет мәлімдеме жасап, түңіліп кеткенін жариялаған.