«Военкоматтан келіп тұрмын»: жас жігіт әскерден қашамын деп Ақбұлақ өзеніне секіріп кетті (ВИДЕО)
Оқиғаның видеосы әлеуметтік желіде жарияланды
Желіде пранк жасап, әскери комиссариаттан келіп тұрғанын айтып, жас жігіттің зәресін алған ер адам істі болды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Видеоға назар аударсақ, ер адам Астанадағы Ақбұлақ өзенінің жағасында отырған жас жігіттің көзін жауып, өзінің кім екенін табуды сұрайды. Жас жігіт таныстарының есімдерін айтқанмен, таба алмай қояды. Осы уақытта полиция қызметкерінің қызметтік киімін киген ер адам өзінің әскери комиссариат қызметкері екенін айтып, жас жігітті шошытады.
Жас жігіт отырған орнына тұра қашып, жанында тұрған Ақбұлақ өзеніне секіріп кетеді. Дәл осы сәтте ер адам «Пранк» деп барып, жүрегін орнына түсіреді.
Дегенмен бұл әзіл Полиция департаментінің назарына ілігіп, істі сотқа жібереді.
«Аталған факті бойынша Байқоңыр ауданы Полиция басқармасының қызметкерлері құқық бұзушының жеке басын анықтады. Оған қатысты азаматтардың өміріне қауіп төндірген ұсақ бұзақылық және арнайы киімнің айырым белгілері бар нысанды заңсыз кигені үшін әкімшілік хаттамалар толтырылды. Құқық бұзушы уақытша ұстау камерасына қамалды. Әкімшілік іс материалдары қарау үшін әкімшілік сотқа жолданды», – делінген агенттік тілшісіне берген пікірінде.