Балаңызды оқуға түсіріп беремін: ер адам ата-аналардан 28 млн теңге алғаннан кейін Албанияға қашып кеткен

Алаяқтық жасағаны үшін күдікті Албаниядан экстрадицияланды

Балаңызды оқуға түсіріп беремін: ер адам ата-аналардан 28 млн теңге алғаннан кейін Албанияға қашып кеткен
Фото: Бас прокуратура/Видеодан скрин

Ұлттық бірыңғай тестілеуге дайындалу барысында 32 ата-ананы миллиондаған теңгеге алдап, Албанияға қашып кеткен Қазақстан азаматы елге жеткізілді. Ол Бас прокуратура мен Ішкі істер министрлігінің Интерпол Ұлттық орталық бюросының қызметкерлерінің, Қазақстанның Албаниядағы елшілігінің қолдауымен экстрадицияланды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Бас прокуратураның мәліметінше, 2022-2023 жылдар аралығында күдікті интернет-ресурстарды пайдалана отырып, жоғарғы сынып оқушыларын Ұлттық бірыңғай тестілеуге дайындау және жоғарғы оқу орындарына кепілді түрде түсу бойынша қызметтер көрсету туралы жалған мәліметтер таратқан.

Заңсыз әрекеттердің нәтижесінде 32 азамат жалпы сомасы 28 миллион теңгеден астам ақшалай қаражатынан айырылды.

«Қылмыс жасағаннан кейін күдікті жасырынып, оған халықаралық іздеу жарияланған. 2025 жылдың мамыр айында ол Албания Республикасында ұсталып, Қазақстан Бас прокуратурасының сұрау салуы бойынша елге экстрадицияланды. Қазіргі уақытта күдікті тергеу изоляторына қамауға алынды. Айыпталған қылмысты жасағаны үшін мүлкі тәркіленіп, 3 жылдан 10 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған», – делінген Бас прокуратураның хабарламасында.