«Газ жоқ»: Ақтаудағы жанармай бекеттерінде ұзын-сонар кезек пайда болды
Қазіргі таңда облыста тіркелген 185 мыңнан астам автокөліктің шамамен 104 мыңы сұйытылған газды пайдаланады
Ақтау қаласында автокөлік жүргізушілері сұйытылған газдың тапшылығына шағымдануда. Шаһардағы автогаз құю бекеттерінде ұзын-сонар кезек пайда болып, кейбір станциялар жұмысын уақытша тоқтатты, деп хабарлайды деп хабарлайды Azattyq Rýhy Lada.kz-ке сілтеме жасап.
Жүргізушілердің айтуынша, қаладағы бірқатар АГҚБ-да «Газ жоқ» деген тақтайшалар ілінген. Ал отын әлі де сатылып жатқан санаулы бекеттерде жағдай күрделі — көліктер бірнеше шақырымға созылған кезекке тұруға мәжбүр.
Желі қолданушылары мен жергілікті тұрғындар бұл проблеманың әр жаз сайын қайталанатынын айтып налиды. Күннің ыстығында газ іздеп, кезекте бір сағаттан астам уақыт тұру жүргізушілерге оңай соғып тұрған жоқ. Олар биліктің маусымдық сұраныстың артатынын біле тұра, алдын ала шара қолданбайтынына наразы.
Маңғыстау облыстық Кәсіпкерлік және сауда басқармасы өңірде сұйытылған газ тапшылығы бар деген ақпаратты ресми түрде жоққа шығарды. Мекеме өкілдерінің мәлімдеуінше, кезек тек қала мен аудандардың орталық көшелеріндегі жекелеген бекеттерде ғана байқалады.
Басқарманың мәліметінше, өңірде газбен жүретін көліктердің саны айтарлықтай көп. Қазіргі таңда облыста тіркелген 185 мыңнан астам автокөліктің шамамен 104 мыңы сұйытылған газды пайдаланады. Сонымен қатар соңғы үш жыл ішінде облысқа Грузиядан транзиттік нөмірмен 22 мыңнан астам көлік әкелінген. Басқарма олардың басым бөлігі де сұйытылған газбен жүретінін атап өтті.
Шенеуніктердің дерегінше, Маңғыстау облысына ай сайын 18 мың тонна сұйытылған газ бөлінеді. Бұл — Қазақстан өңірлері арасындағы ең жоғары көрсеткіш (басқа облыстарға орташа есеппен 11 мың тонна немесе одан да аз беріледі).