Ақмола облысында мотоцикл мен КамАЗ соқтығысқан: бір адам қаза тапты
Жол апаты «Заречное – Елікті» тасжолының 2-шақырымында болған
Ақмола облысында жүк көлігі мен мотоциклдің қатысуымен адам өліміне әкеп соққан ірі жол апаты болды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Полиция мәліметінше, жол апаты 27 маусымда таңғы сағат 06:15 шамасында «Заречное – Елікті» тасжолының 2-шақырымында болған. Мұнда «КамАЗ» ауыр жүк көлігі мен «LTM» маркалы мотоциклі соқтығысты.
Соққының қатты болғаны соншалық, жарақат алған мотоцикл жүргізушісі дәрігерлер жеткенше оқиға орнында жан тапсырды. Оның 2008 жылы туған жасөспірім екені анықталды. Қазіргі уақытта аталған дерек бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.
Өңірлік полиция департаменті қайғылы оқиғадан кейін жол қозғалысына қатысушыларды ережелерді қатаң сақтауға шақырды.