Алматы тауларында жарақат алған турист эвакуацияланды

1977 жылы туған әйелге «оң аяқтың жабық сынығы» деген диагноз қойылды 

Алматы тауларында жарақат алған турист эвакуацияланды
Фото: ТЖМ

Үлкен Алматы көлі маңында таудан түсіп келе жатқан турист аяғын жарақаттап, жолын ары қарай өз бетінше жалғастыра алмай қалған, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Оқиға орнына құтқарушылар тобы шұғыл жетіп, 1977 жылы туған зардап шегушіге алғашқы көмек көрсетті. Олар әйелді таулы жерден қауіпсіз жерге эвакуациялап, төмендегі «Аюсай» визит-центріне дейін жеткізді. Ол жерде ТЖМ Апаттар медицинасы орталығының бригадасы күтіп тұрған болатын.

«Алғашқы медициналық көмек көрсетілгеннен кейін әйел қалалық ауруханаға жеткізілді. Оған «оң аяқтың жабық сынығы» деген алдын ала диагноз қойылды», — деп мәлімдеді Алматы ТЖД баспасөз қызметі.

Төтенше жағдайлар министрлігі таудағы жазатайым оқиғалардың алдын алу мақсатында демалушыларды қауіпсіздік ережелерін қатаң сақтауға шақырды.