«Сарбаз болу – зор мәртебе»: президент әскери дәстүрлерді жаңғыртудың жаңа форматын жариялады
Президент елімізде жасақталған «Жас сарбаз» қозғалысының айрықша рөліне назар аударды
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Айбын» ХІI халықаралық әскери-патриоттық жастар жиынында еліміз өскелең ұрпақтың жан-жақты дамуына баса мән беретінін мәлім етті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
«Алдымызда стратегиялық маңызды міндет тұр. Мемлекетіміздің басты құндылықтарын жете түсініп, жүрекпен қабылдайтын жастар тәрбиелеуіміз керек. Бұл құндылықтар – Тәуелсіздік пен Егемендік, елдің аумақтық тұтастығы, азаматтарымыздың заңды құқықтары мен бостандықтары, Қазақстанды Әділ, Құқықтық және Озық мемлекетке айналдыру. Әскер қатарындағы қызмет шынайы патриоттарды тәрбиелейтін маңызды, тіпті, басты мектепке айналғаны жөн. Дәл осы себепті әскери дәстүрлерді «Адал азамат – Сарбаз – Отан қорғаушы» қағидатына сай жаңғырту жөніндегі бастамаға қолдау білдірдім. Бұдан былай әскерге шақыру, ант қабылдау және әскери қызметтен босату секілді үш кезең мемлекеттік протокол тәжірибесіне сәйкес жаңа форматта, ерекше салтанатпен ұйымдастырылады. Мұндай есте қаларлық рәсімдер аталған іс-шаралардың мән-маңызын арттырып, ұрпақтар сабақтастығын нығайтады. Сонымен қатар жастар арасында және жалпы қоғамда әскердің беделін айтарлықтай көтереді. Сарбаз болу – зор мәртебе. Қарулы күштер сапында борышын өтеген әр азамат көпшілік құрметіне бөленуі керек. Баршамыз бірге күш жұмылдырсақ, ата-аналар әскери саланы таңдаған ұл-қыздарын мақтан тұтатындай жағдайға жететінімізге сенімдімін. Басқаша айтқанда, Отан алдындағы жауапкершілік барлық салада жоғары деңгейде адал еңбек етуден көрінеді. Әскери қызмет те осы санатта. Мемлекеттік рәміздерге құрмет және азаматтық жауапкершілік жастар дүниетанымының өзегіне айналуға тиіс. Соғыс өрті тұтанып, әскери қақтығыстар ушыққан, мемлекеттер санкциядан көз ашпаған заманда өмір сүріп жатырмыз. Әлемдегі ахуалды алдын ала болжау барған сайын қиындап барады. Осындай кезде ел келешегіне енжар қараудың салдары кейін өзімізге ауыр тиюі мүмкін», – деді мемлекет басшысы.
Президент елімізде жасақталған «Жас сарбаз» қозғалысының айрықша рөліне назар аударды.
«Озық құндылықтарды дәріптейтін ұйымның қатарында 280 мыңнан астам мектеп оқушысы және студент бар. Әскери-патриоттық бірлестіктерде тәрбие алған азаматтардың көбі болашақ өмірін әскери қызметпен, құқық қорғау органдарымен және ұлттық қауіпсіздік жүйесімен байланыстырады. Мен мемлекет басшысы ретінде жастарымыздың осындай ұмтылысын толық қолдаймын. Сіздердің араларыңызда қазірдің өзінде елеулі табысқа қол жеткізіп, құрдастары мен ізінен ерген інілеріне үлгі көрсетіп жүрген жандар бар. Бүгін осы жиынға Сағадат Нұрмағамбетов атындағы Құрлық әскерлерінің Әскери институтын тәмамдаған үздік түлек Арман Оңдасынов қатысып отыр. Жақында Мемлекеттік рәміздер күні аясында оған аға лейтенант офицерлік атағын өз қолыммен табыстадым. Сонымен қатар бүгінгі іс-шараға «Айбын» халықаралық жарысының өткен жылдардағы жеңімпаздары келді. Жыл сайынғы әскери-патриоттық жиында еліміздің әр өңірінің және достас елдердің талантты жастары бас қосады. Мұның мәні зор. Орайлы сәтті пайдаланып, Ресей, Өзбекстан, Қырғызстан және Әзербайжан елдерінен келген қонақтарымызға бастаманы қолдап, оған белсенді қатысқаны үшін алғыс айтамын», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Мемлекет басшысы аталған ауқымды жоба осы жылдар аралығында нағыз патриотизм мектебіне айналғанын, мыңнан аса жігіттер мен қыздарды бір тудың астына біріктіргенін айтты.
«Жастар мұнда әділ бәсекеге түсіп, темірдей тәртіптің не екенін біледі. Қысылтаяңда бір-біріне қол ұшын созуға және командада жұмыс істеуге үйренеді. Жарыстар тек физикалық төзімділік пен күшті ғана сынап қоймайды, ақыл-ой ұшқырлығын, тапқырлық пен шығармашылық қабілетті де шыңдайды. Сондықтан «Айбын» жиынының ең басты миссиясы – Қарулы күштер қатарында кәсіби деңгейі жоғары, интеллектуалды элита қалыптастыру. Мұндай кездесулер халықаралық ынтымақтастықты нығайтады. Өзара тілеулeстікті күшейтіп, халықтарымыз арасындағы достық, бірлік және түсіністік қағидаттарының беки түсуіне септігін тигізеді», – деді президент.