Асхат Аймағамбетов: Қазақстандықтар енді зейнетақы жинағын 100 пайыз инвестициялық компанияларға бере алады

Ол жеке басқарушы компанияға өткізген

Асхат Аймағамбетов: Қазақстандықтар енді зейнетақы жинағын 100 пайыз инвестициялық компанияларға бере алады
Фото: Azattyq Rýhy

Мәжіліс депутаты Асхат Аймағамбетов өзінің зейнетақы жинағының жартысын жеке басқарушы компанияның бақылауына бергенін мәлімдеді. Бұл туралы ол Парламент кулуарында айтты, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.     

Депутаттың сөзінше, Сенаттан өтіп, қазіргі уақытта мемлекет басшысының қол қоюына жіберілген жаңа түзетулер азаматтарға өз зейнетақы жинақтарын 100 пайызға дейін жеке инвестициялық компанияларға сенімгерлік басқаруға беруге құқық береді. Бұған дейін бұл шекті деңгей 50 пайыздан аспайтын.

Асхат Аймағамбетов Ұлттық банктің зейнетақы активтерін басқару тиімділігіне баға бермегенімен, өзінің жеке қаражатын мемлекеттік облигацияларға салуға ниетті емес екенін ашық жеткізді.

«Мысалы, мен өзім осы мүмкіндікті пайдаландым. Бұған дейін заң бойынша жинағымның 50 пайызына жуығын ғана жеке басқарушы компанияға бере алатын едім. Мен осы құқықты пайдаланып, қаражатымның жартысын жеке компанияның басқаруына өткіздім. Себебі өз жинағымның мемлекеттік бюджеттің тапшылығын жабуға шығарылатын бағалы қағаздарға жұмсалғанын қаламаймын. Оның орнына инвестициялық стратегияны өзім таңдап, жоғары табыс әкелетін бағыттарға салғанды жөн көремін. Өйткені зейнетке шыққанда көбірек зейнетақы алғым келеді», – деді Асхат Аймағамбетов.

Депутат бұл түзетудің ерікті түрде жүзеге асатынын, ешкімге міндеттелмейтінін атап өтті. Егер азаматтар ешқандай өтініш бермесе, олардың ақшасын бұрынғыдай Ұлттық банк басқара береді. Ал өз ақшасын өзі билегісі келетіндер арнайы лицензиясы бар қаржы ұйымдарын таңдай алады.

Сонымен қатар Мәжіліс депутаты зейнетақы жүйесін реформалауға қатысты өз ұсынысын білдіріп, жұмыс берушілер төлейтін жарналарды да ортақ қорға емес, әр адамның жеке шотына аудару қажеттігін алға тартты.

«Жалпы, зейнетақы жүйесіне де осындай жүйелі көзқарас қажет деп есептеймін. Сол сияқты жұмыс берушілердің әр қызметкер үшін аударатын қаражаты да ортақ қорға емес, әр азаматтың жеке шотына есептелетіндей жүйеге көшу керек. Осындай жүйелі өзгерістерге басымдық берген жөн деп ойлаймын. Егер адам «мен үшін Ұлттық банк басқара бергені дұрыс» десе, бәрі бұрынғыдай қалады. Ал өз қаражатын өзі басқарғысы келетіндер арнайы лицензиясы бар қаржы компаниясын таңдап, инвестициялық стратегиясын өздері айқындай алады», – деп түйіндеді сөзін депутат.