Павлодар облысында қалың қамыстың арасында аяғы сынып, екі күн дәрменсіз жатқан қария табылды (ВИДЕО)
Павлодар ауданында 71 жастағы жергілікті тұрғынды іздестіру бойынша ауқымды операция өтті
Павлодар өңірінде қалың қамыстың арасында аяғы сынып, екі күн дәрменсіз қалған 71 жастағы қария аман-есен табылды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Павлодар ауданында 71 жастағы жергілікті тұрғынды іздестіру бойынша ауқымды операция өтті. Облыстық ПД мәліметінше, қария балық аулайтын орындарды қарауға шығып, екі тәуліктен кейін ғана үйіне оралды.
24 маусым күні полицияға қоңырау келіп түсті. Қоңырау шалған азамат 23 маусым күні таңертең ерте скутермен өзенге барғанын, жолда аяғын жарақаттап алғанын және бір жарым тәуліктен астам уақыт бойы өздігінен шыға алмай жатқанын хабарлаған. Осыдан кейін байланыс үзіліп қалған.
Осыдан кейін Павлодар аудандық полиция бөлімінің қызметкерлері мен ТЖМ құтқарушыларынан құралған іздестіру топтары дереу құрылып, Байдала ауылынан Заря ауылына дейінгі өзеннің қауіпті аумағын түгел тексеруге кірісті.
Іздестіру жұмысының ауқымды тұста жүргізілуі жағдайды қиындатты. Алайда іздеу бір сәтке де тоқтаған жоқ: тәулік бойы, тіпті түнгі уақытта да жалғасты. Үздіксіз жүргізілген операцияның екінші тәулігінде қалың қамысты аралап жүрген іздеу тобы жоғалған зейнеткерді тауып алды.
«Жоғалған қариягы тапқан сәтте оны құтқарып қалғанымызға қуандым. Мен үшін ең бастысы – оның аман-есен табылғаны. Ер адам дәрменсіз жағдайда қалыпты. Кейін белгілі болғандай, ол қатты сүрініп, аяғын сындырып алғандықтан, қозғала алмай, екі тәулік бойы тамақсыз, сусыз және жылусыз жатқан. Еңбегіміздің нәтижесінде адамды отбасына аман-есен қайтарғанымызға қуаныштымын», – деді Павлодар аудандық полиция бөлімінің бастығының орынбасары Олжас Тілеубергенов.
Полиция қызметкерлері зардап шеккен азаматқа жедел түрде алғашқы медициналық көмек көрсетіп, оны қауіпсіз жерге эвакуациялады. Қазіргі уақытта құтқарылған зейнеткер Павлодар қаласындағы ауруханада дәрігерлердің бақылауында.
Есін жинағаннан кейін ол павлодарлық полицейлер мен құтқару жұмысына қатысқан барлық азаматқа алғысын білдіріп, өзіне екінші өмір сыйлағандарын айтты.