ШҚО-да мыңдаған гектар жер мемлекетке қайтарылды

Жалпы саны 20 жер учаскесі ұзақ уақыт бойы нысаналы мақсатына сай пайдаланылмаған

ШҚО-да мыңдаған гектар жер мемлекетке қайтарылды
Фото: Azattyq Rýhy

ШҚО-ның Самар ауданында пайдаланылмай жатқан, сондай-ақ заңсыз берілген 4 мың гектардан астам жер мемлекетке қайтарылды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Заңдылықтың сақталуына жүргізілген талдау барысында бірқатар жер пайдаланушылардың заңнама талаптарын бұза отырып, жалпы саны 20 жер учаскесін ұзақ уақыт бойы нысаналы тағайындалуы бойынша пайдаланбағаны анықталды.

«Прокурорлық қадағалау актілері бойынша кадастрлық құны 20 млн теңгеден асатын, жалпы ауданы 4 мың гектардан астам аталған жерлер мемлекет меншігіне қайтарылды. Сондай-ақ, аудан прокуратурасы міндетті сауда-саттықты (аукционды) өткізбестен, коммерциялық жер учаскесін заңсыз беру фактісін анықтады. Атап айтқанда, Самар ауылдық округі әкімінің өкімімен жеке тұлғаға Самар ауылындағы жол бойындағы сервис объектілеріне (дүкен, дәмхана, қонақ үй кешені, электромобильдерге арналған ЖҚС) арналған ауданы 0,50 га учаске 3 жылға уақытша пайдалануға берілген», – делінген прокуратураның хабарламасында.

Бұзушылықтарды жою үшін аудан прокуратурасы әкімдіктің мекенжайына заңдылықты бұзушылықтарды жою туралы ұсыну енгізді. Нәтижесінде, жергілікті атқарушы органның талап арызы бойынша Самар аудандық сотының заңды күшінеенген шешімімен нарықтық құны 2 млн теңгеден асатын осы коммерциялық учаске мемлекетке толығымен қайтарылды.

Жер ресурстарын тиімді пайдалану және мемлекеттік мүдделерді қорғау мәселелері прокуратура органдарының ерекше бақылауында қалады.