Абай облысында қыз зорлап, сотталған адам түрмеден қашып кетті
Ол 2021 жылы қылмысы үшін шартты түрде сотталған
Абай облысында қыз зорлап, түрмеге қамалған қылмыскер қашып кеткені туралы ақпарат тарады. Оқиғаны облыстық Полиция департаменті ресми түрде растады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Ведомствоның баспасөз қызметінің мәліметінше, сотталған азамат 2021 жылы шартты түрде бас бостандығынан айыру жазасына кесілген.
Алайда биылғы маусым айында жазаны өтеу тәртібін бірнеше рет бұзғаны үшін сот оның өтелмеген жаза мерзімін нақты бас бостандығынан айыру жазасына ауыстырған.
«Серуендеу кезінде сотталған азамат уақытша ұстау изоляторының аумағынан заңсыз шығып кеткен. Дереу ұйымдастырылған жедел-іздестіру шараларының нәтижесінде ол ұсталып, қайтадан уақытша ұстау изоляторына қамалды», – деп хабарлады Абай облысының полиция департаменті.
Ведомство өкілдері оқиғаға байланысты қызметтік тексеру тағайындалғанын да мәлімдеді.