ШҚО-да жас жігіт көлігіне полицияның жарықшамдарын орнатып, қарсы бағытқа шығып кеткен (ВИДЕО)

Оның көлігі айыптұрағына қойылды, ал ісі сотқа кетті

ШҚО-да жас жігіт көлігіне полицияның жарықшамдарын орнатып, қарсы бағытқа шығып кеткен (ВИДЕО)
Фото: Видеодан скрин

ШҚО-да жарықшамдар орнатып, жол ережесін өрескел бұзған 18 жастағы жүргізуші жауапқа тартылды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

ІІМ мәліметінше, тексеруге құқық бұзушының өзі әлеуметтік желіде жариялаған бейнежазбасы негіз болды. Кадрда жеңіл автокөлік жүргізушісінің қос сызықты кесіп өтіп, қарсы жолаққа шыққаны, бағдаршамның қызыл түсіне өтіп кету сияқты қауіпті маневрлер жасағанын байқауға болады, сондай-ақ қызыл-көк түсті жарықшамдарды заңсыз пайдаланған.

Патрульдік полиция батальонының қызметкерлері құқық бұзушының жеке басын жедел анықтады. Ол облыс орталығының 18 жастағы тұрғыны болып шықты. Оған қатысты бірнеше бап бойынша әкімшілік материалдар толтырылып, сотқа жолданды. Түпкілікті шешім қабылданғанға дейін оның автокөлігі мамандандырылған тұраққа қойылды.

Енді қауіпті жүргізуді ұнатқан азаматтың алдағы тағдырын сот шешеді. Қолданылуы мүмкін жауапкершілік шараларының бірі – көлік құралын басқару құқығынан айыру.

Полиция мұндай әдейі жасалатын өрескел құқық бұзушылықтар құқық қорғау органдарының ерекше бақылауында екенін атап өтті.

«Жол қозғалысына қатысушылардың әрқайсысы заң талаптарын сақтауға міндетті. Азаматтардың өмірі мен денсаулығына қауіп төндіретін кез келген әрекет қатаң түрде тоқтатылады», – деді Өскемен қалалық ПБ патрульдік полиция батальонының командирі Ғабит Абенов.