«Миына оттегі бармай, қатты ауырды»: Ербаян Мұхтардың ата-анасы ұлының өліміне қатысты пікір білдірді

Науқас жедел жәрдем бригадасымен 26 мамыр күні ауыр жағдайда, шұғыл түрде түскен

«Миына оттегі бармай, қатты ауырды»: Ербаян Мұхтардың ата-анасы ұлының өліміне қатысты пікір білдірді
Фото: Instagram/erbayan2024

Алматы облысындағы әскери бөлімде борышын өтеп жүріп басынан жарақат алды деген Ербаян Мұхтар Астанадағы ауруханалардың бірінде көз жұмды. Екі жыл бойы дәрігерлердің қарауында болған жас сарбаздың жағдайы сол күйі оңалмаған. Бас сүйегі бес жерден зақымданып, бес түрлі диагноз қойылған сарбаздың жағдайы мамыр айының аяғында күрт нашарлаған. Бұл туралы Azattyq Rýhy агенттігі КТК арнасына сілтеме жасап хабарлайды.

«Қатты ауырып қалды. Өкпесіне қақырық жиналған. Демала алмай, миына оттегі бармай, қатты ауырды. 26 мамырда шұғыл ауруханаға түсті. Сондай диагноз қойды ғой», – дейді марқұмның әкесі Хамит Аймағамбетов.

Осыған дейін Түркияның таңдаулы клиникасында екі курс ем алып, Ербаянның беті бері қарағандай болған. Әкесінің айтуынша, соңғы кезде өзін жақсы сезініпті. Салмақ қосып, тәбеті де ашылған. Инстаграмдағы парақшасында соңғы жаңалықтарын жариялап тұратын ата-анасы да сүйіншілейтін күн жақын деп үміттенген.

«Салмағы 60 келіге дейін барып, өз салмағына келді. Аяғына тұрып алсын, өз-өзіне келіп алсын деп, көп видео салмай жүрдік. Тіл-көз бар дегендей. Содан сақтанып, күзге таман халыққа есеп беріп, бір саламыз деп ойлағанбыз», – дейді марқұмның әкесі.

Әскерде мертіккен Ербаянның жүрегінің тоқтап қалғанын туыстарына дәрігерлер кеше түнде хабарлапты. Ұлттық шұғыл медицинаны үлестіру орталығы сарбазға ең таңдаулы құрылғылар, ең заманауи палата берілгенін айтады.

«Науқас жедел жәрдем бригадасымен 26 мамыр күні бізге ауыр жағдайда, шұғыл түрде түсті. Негізгі аурудың клиникалық декомпенсациясы жағдайында, яғни бас жарақаты негізінде. Қабылдау бөлімінде науқастың сатурациясы 40-қа дейін төмендеп кетті. Күні кеше жағдайы күрт нашарлап, жүрегі тоқтап қалды», – дейді ҚР ДСМ Ұлттық шұғыл медицинаны үлестіру орталығының басқарма төрағасы Ержан Әділбеков.

Екі жыл бойы қылмыстық істің бір орыннан қозғалуын күтіп, одан қалса, баласының ем-домымен басы қатқан отбасы әбден қажыған. Ербаянның денесін алып кетудегі кедергілер жығылғанға жұдырық болғандай.

«Әу бастан көмек денсаулық сақтау министрлігінен ғана болды» дейді жақындары. Ендігі олардың жалғыз тілегі – қылмыстық іске қатысы бар тұлғалар анықталып, әділдік орнағанын көру. Ербаян Мұхтар дәл бүгін Түркияға аттануы керек еді. Әкесі түрік дәрігерлері емінің үшінші курсынан соң аяғынан тік тұрып кету мүмкіндігі жоғары екенін айтып, ұлын жігерлендірген.

Енді қара жамылған отбасы қыршынынан қиылған сарбаздың жерлеуін осы жұмаға жоспарлап отыр.