Алматыда қаза тапқан полицей жеті баланың әкесі болған: қылмысқа қатысты тың ақпарат шықты
Тергеу мәліметінше, полиция қызметкерінің мәйіті қала сыртынан табылған. Іс бойынша оның жұбайы мен 14 жастағы ұлы күдікті ретінде ұсталған
Алматыда қаза тапқан полиция қызметкері Аслан Әлсеровтың жеті баланың әкесі болғаны белгілі болды. Тергеу барысында оның өміріне қатысты бірқатар мәлімет жарияланды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
37 жастағы аға жедел уәкіл Аслан Әлсеров 24 маусым күні жерленді.
23 маусымда полицияға таулы аймақтан адамның мәйіті табылғаны туралы хабарлама түскен. Жедел-іздестіру іс-шараларының нәтижесінде күдіктілер ұсталды.
КТК телеарнасының мәліметінше, қайғылы оқиға бірінші қабаттағы пәтерде болған. Қазір пәтердің есігі мөрленген. Алдын ала болжам бойынша, қылмыстан кейін марқұмның мәйіті қала сыртына шығарылып, Алматыдан 300 шақырым жердегі аумақта өртелген.
Аслан Әлсеров аға жедел уәкіл қызметін атқарған. Оның жұбайы да құқық қорғау органдарында жұмыс істеген. Ерлі-зайыптылар 15 жыл бірге өмір сүріп, жеті бала тәрбиелеген. Ұлдары спортпен айналысқан. Көршілері Әлсеровтер отбасы туралы жақсы пікірде. 24 маусым күні полиция қызметкері жер қойнына тапсырылды.
«Полиция адамдар тобының алдын ала сөз байласу арқылы жасаған адам өлтіру дерегі бойынша қылмыстық істі тергеп жатыр. Күдіктілерге 15 жылдан бастап бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалуы мүмкін», – делінген телеарна сюжетінде.
Ресми мәлімет бойынша, іс бойынша екі күдікті бар. Олар – марқұмның жұбайы мен олардың 14 жастағы ұлы.