Атырауда жол апатынан қаза тапқан әйелдің ұлы сотта кінәлі жүргізушіден анасының несиесін өтеуді талап етті
Жәбірленуші тарап моральдық өтемақымен қатар марқұмның өтелмей қалған несие қарызын да жол апатына кінәлі азаматтың өтеуін сұрады
Атырауда жыл басында Атырау – Орал тасжолында болған адам өліміне әкелген жол-көлік оқиғасына қатысты қылмыстық іс қаралды. Сот барысында қаза тапқан әйелдің ұлы жол апатына кінәлі жүргізушіге анасының банктер алдындағы қарыздарына қатысты тосын талап қойды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy «Ақ Жайыққа» сілтеме жасап.
Жол апаты 4 қаңтар күні Атырау – Орал тасжолында болған. Сот анықтағандай, Mercedes көлігінің жүргізушісі басып озу кезінде қарсы бағытқа шығып кетіп, «Газель» автокөлігімен соқтығысқан. Соққыдан кейін «Газель» өртеніп кеткен. Көлік салонында отырған жолаушы әйел оқиға орнында көз жұмса, жүргізуші ауыр жарақат алған.
Сотта марқұмның ұлы моральдық шығынды өндіру туралы талабынан бас тартқанын айтты. Оның сөзінше, айыпталушы тарап бұл бағытта өтемақы төлеген. Алайда ол кінәлі жүргізушіден анасын жерлеуге жұмсалған 1,5 миллион теңгені және марқұмның бірнеше банктен алған несиелері бойынша 12,9 миллион теңге қарызды өндіріп беруді сұрады.
Алайда сот бұл талаптарды қылмыстық іс аясында қараған жоқ. Үкімде жерлеу шығындары мен несие берешегін өндіріп алу мәселесі азаматтық сот ісін жүргізу тәртібімен жеке қаралуы тиіс екені көрсетілген.
Іс бойынша екінші жәбірленуші – «Газель» жүргізушісі де өз талабын мәлімдеді. Сот оның пайдасына өртеніп кеткен көліктің құнын, емделуге кеткен шығындарды, өкілдің қызмет ақысын және моральдық зиянның өтемақысын өндіріп берді. Жалпы төленетін өтемақы көлемі 10 миллион теңгеден асты.
Mercedes жүргізушісі абайсызда адам өліміне әкеп соққан жол қозғалысы ережесін бұзғаны үшін кінәлі деп танылды. Сот оны 2 жыл 6 айға бас бостандығынан айырып, бес жылға көлік құралын басқару құқығынан айырды.
Енді бұл оқиға азаматтық сотта жалғасуы мүмкін. Онда жол апатына кінәлі азаматтан қаза тапқан адамның банктер алдындағы несие берешегін өндіріп алуға бола ма деген мәселе қаралады.