Алматыда есірткі өндірумен айналысқан топ ұсталды (ВИДЕО)

Тәркіленген заттар мен заттай дәлелдемелер сот сараптамасына жіберілді

Алматыда есірткі өндірумен айналысқан топ ұсталды (ВИДЕО)
Фото: Видеодан скрин

Алматы қаласында синтетикалық есірткі өндірумен айналысқан жасырын есірткі зертхана табылды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Арнайы операция «Қарасора» республикалық жедел-профилактикалық іс-шарасы аясында жүзеге асырылды. Нәтижесінде ұзақ уақыт бойы тыйым салынған заттарды өндірумен және таратумен айналысқан қылмыстық қызмет тоқтатылды.

Тінту барысында қолдан жасалған реактор, сұйықтық толтырылған ондаған канистр, зертханалық ыдыстар, таразылар, вакуумдық қаптау құрылғылары, сондай-ақ есірткі заттарын бөлшектеп орауға арналған жүздеген пакет тәркіленді.

«Анықталған деректер бұл жерде синтетикалық есірткілерді ірі көлемде өндіруге бағытталған толыққанды өндірістік үдеріс жолға қойылғанын көрсетеді. Тәркіленген заттар мен заттай дәлелдемелер сот сараптамасына жіберілді. Қазіргі уақытта жедел-іздестіру және тергеу іс-шаралары жүргізілуде. Алматы қаласының полициясы есірткі өндіруді ұйымдастыруға немесе оларды таратуға бағытталған кез келген заңсыз әрекеттердің жолы кесілетінін қатаң ескертеді», – делінген ПД хабарламасында.