Қазақстанда жыл басынан бері мас жүргізушілердің кесірінен 200-ден аса жол-көлік оқиғасы болды

Ержан Сәденов мас күйінде көлік жүргізгендерге жазаны жеңілдетуге қарсы шықты

Қазақстанда жыл басынан бері мас жүргізушілердің кесірінен 200-ден аса жол-көлік оқиғасы болды
Фотоколлаж: Azattyq Rýhy/Әбілқасым Есентаев

Қазақстанның Ішкі істер министрі Ержан Сәденов мас күйінде көлік басқарғаны үшін жүргізуші куәлігінен айыру мерзімін қысқарту туралы ұсынысқа қарсы екенін мәлімдеді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Министрдің айтуынша, бұл бағыттағы кез келген жеңілдік құқық бұзушылықтар мен жол-көлік оқиғаларының көбеюіне әкелуі мүмкін.

«Мерзімді қысқарту – мас күйінде көлік жүргізуді ынталандырумен тең. Жеңілдік беру – осындай «батырларды» еркіне жіберу деген сөз. Біздің міндетіміз – мұндай фактілерді мүлде жою және қоғам санасында оларға қатысты қатаң көзқарас қалыптастыру», – деді Сәденов.

Оның пікірінше, рөлге отырған адамның толықтай сергек болуы жүргізушілік мәдениеттің бұлжымас қағидатына айналуы тиіс.

Министрдің мәліметінше, жыл басынан бері мас жүргізушілердің кесірінен 200-ден астам жол-көлік оқиғасы тіркелген. Соның салдарынан 300-ге жуық адам зардап шегіп, адам шығыны да болған.

«Әрбір осындай апаттың артында күйреген отбасылар, тағдырына соққы болған адамдар және ата-анасынан айырылған балалар тұр. Мысалы, Қытайда адам өліміне әкелген мұндай жол апаты үшін өлім жазасына дейін қарастырылған. Ал АҚШ-та мас күйінде көлік жүргізгені үшін өмір бойына жүргізуші куәлігінен айыру жазасы қолданылады. Мұндай қатаң ұстанымға қатысты мысалдар көп. Адам қайғысына себеп болатын кез келген жағдайды түбегейлі жою қажет», – деді ІІМ басшысы.