23 маусым – Қазақстанда Мемлекеттік қызметші күні
Мемлекеттік қызмет – бұл ел мен халыққа адал қызмет ету
Қазақстанда 2013 жылы 23 маусым Мемлекеттік қызметші күні болып бекітілді. Осылайша, 2014 жылдан бастап Қазақстанда Мемлекеттік қызметші күні ресми түрде атап өтіле бастады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Мемлекеттік қызмет – мемлекеттік басқару жүйесінің маңызды құрамдас бөлігі. Ол қоғам мен мемлекет арасындағы байланысты нығайтып, елдің тұрақты дамуын қамтамасыз етуге қызмет етеді. Әлемдік тәжірибе көрсеткендей, тиімді мемлекеттік басқару ғана халықтың өмір сүру деңгейі мен сапасын арттырып, әлеуметтік-экономикалық мәселелерді шешуге мүмкіндік береді.
Осындай ауқымды міндеттер мемлекеттік қызметшілердің күнделікті еңбегі мен жауапкершілігі арқылы жүзеге асады. Кез келген мемлекеттің табысты дамуы кәсіби әрі білікті кадрларға байланысты. Сондықтан мемлекеттік қызметшілер елдің өркендеуі мен қоғамдық тұрақтылықты қамтамасыз етуде ерекше рөл атқарады.
Қазақстанның мемлекеттік қызмет жүйесі қалыптасудың күрделі әрі маңызды кезеңдерінен өтті. Оның тәуелсіз Қазақстанның қалыптасуы мен нығаюына қосқан үлесі зор. Мемлекеттік қызметтің құқықтық негізін Қазақстан Республикасының Конституциясы, Еңбек кодексі, «Мемлекеттік қызмет туралы» заңы және өзге де нормативтік-құқықтық актілер құрайды.
«Мемлекеттік қызмет туралы» заң мемлекеттік қызметтің қағидаттарын, қызметке орналасу тәртібін, мемлекеттік қызметшілердің құқықтары мен міндеттерін айқындайды. Бүгінде мемлекеттік қызметтің негізгі басымдықтары ретінде ашықтық, тиімділік, кәсібилік және халықтың қажеттіліктеріне бағдарлану қағидаттары белгіленген.
Мемлекеттік қызмет – бұл ел мен халыққа адал қызмет ету. Бұл үлкен жауапкершілік пен сенімді талап ететін мәртебелі міндет. Сондықтан осы жолды таңдаған әрбір мемлекеттік қызметші кәсібилік пен адалдық қағидаттарын берік ұстанып, мемлекет мүддесі жолында аянбай еңбек етуі тиіс.