Қостанайда әйел адам арзан пәтер алып беремін деп 8 адамды алдаған
Олардың 30 млн теңгесін қалтасына басқан
Қостанай қаласының № 2 соты аса ірі мөлшерде алаяқтық жасаған жергілікті тұрғынға қатысты үкім шығарды. Айыпталушы 8 адамды пәтер алып беремін деп алдап, 30 миллион теңгеден астам ақшасын қағып алған, деп хабарлайды Azattyq Rýhy
Қостанай облыстық сотының баспасөз қызметі таратқан мәліметке сәйкес, сотталушы Ә. есімді азаматшаға бірнеше рет алаяқтық жасады деген айып тағылды. Ол өзін делдал ретінде таныстырып, тұрғындарға нарықтық құнынан әлдеқайда төмен бағада жылжымайтын мүлік сатып алуға көмектесетінін айтып, уәде берген.
Сот талқылауы барысында анықталғандай, айыпталушы 2022 жылдың сәуірі мен 2024 жылдың қыркүйегі аралығында өз әрекеттерін заңды келісімшарт ретінде көрсетіп, азаматтарды адастырып келген.
Мемлекеттік айыптаушы соттан жеңілдетуші мән-жайларды ескере отырып, Ә.-ні 4 жыл 8 айға бас бостандығынан айыруды сұрады. Ал жәбірленушілер тарапы кінәліге қатаң жаза кесуді және келтірілген материалдық шығынды толық өтеуді талап етті.
Сот айыпталушының кінәсін мойындауын, шын жүректен өкінуін, асырауында жас балаларының болуын және ауырлататын мән-жайлардың жоқтығын ескерді.
Сотталушыға 4 жылға бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды. Алайда, рақымшылық туралы заңды қолдану арқылы жаза мерзімі 2 жыл 8 айға дейін қысқартылды. Сондай-ақ, сот оның жас баласы бар екенін ескере отырып, жазаны орындауды 5 жылға шегеру нормасын қолданды. Жәбірленушілердің азаматтық талап-арыздары толық көлемде қанағаттандырылды.
Үкім заңды күшіне енген жоқ.