Ескерту: Қазақстанда ұшып бара жатқан ұшаққа лазер түсіргендер 10 жылға сотталып кетеді

Әуе кемелеріне қатысты лазерлік құрылғыларды қолдану ұшу қауіпсіздігіне, жолаушылар мен экипаж мүшелерінің өмірі мен денсаулығына нақты қауіп төндіруі мүмкін

Ескерту: Қазақстанда ұшып бара жатқан ұшаққа лазер түсіргендер 10 жылға сотталып кетеді
Фотоколлаж: Azattyq ruhy/Әбілқасым Есентаев

Бас прокуратура әуеде ұшып бара жатқан ұшаққа лазер түсіргендерге ауыр жаза қолданылатынын ескертті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Ведомство 2025 жылғы 16 шілдеде Қылмыстық кодекске әуекемесін басқаруға лазерлік құрылғыларды немесе ұшқышсыз ұшу аппараттарын бағыттау арқылы кедергі келтіргені үшін жауаптылықты көздейтін өзгерістер (ҚК-нің 352-1-бабы, 2025 жылғы 16 қыркүйектен бастап қолданысқа енгізілді) енгізілгенін еске салды.

Аталған бап қылмыстық теріс қылықтан бастап ауыр қылмысқа дейінгі жауаптылықты көздейді. Санкциялар ауыр зардаптар туындаған жағдайда айыппұлдан бастап 10 жылға дейін бас бостандығынан айыруға дейінгі жазаларды қамтиды.

«Әуе кемелеріне қатысты лазерлік құрылғыларды қолдану ұшу қауіпсіздігіне, жолаушылар мен экипаж мүшелерінің өмірі мен денсаулығына нақты қауіп төндіруі, сондай-ақ азаматтық авиация үшін ауыр зардаптарға әкелуі мүмкін. Осы әрекет үшін қылмыстық жауапкершілік 16 жастан басталатынын ескертеміз. Ал осы жасқа толмаған кәмелетке толмағандар құқыққа қарсы әрекеттер жасаған жағдайда, олардың ата-аналары немесе заңды өкілдері кәмелетке толмағандарды тәрбиелеу және олардың мінез-құлқын бақылау жөніндегі міндеттерді тиісінше орындамағаны үшін ӘҚБтК-нің 127-бабы бойынша әкімшілік жауапқа тартылуы мүмкін», – делінген Бас прокуратураның хабарламасында.