СҚО-да Есіл өзенінен кері қайта алмаған бала мен екі ересек адам құтқарылды
Хабарлама түскен бойда оқиға орнына құтқарушылар жедел жеткен
Солтүстік Қазақстан облысында құтқарушылар Есіл өзенінің арғы бетіне өтіп, кері қайта алмай қалған үш демалысшыны эвакуациялады. Төтенше жағдайлар министрлігінің мәліметінше, құтқарылғандардың арасында сегіз жасар бала бар, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
ТЖМ баспасөз қызметінің хабарлауынша, оқиға Қызылжар ауданында, «Алтын күз» лагерінің маңында болған. Екі ересек адам мен бір бала өзенді өз беттерімен жүзіп өткен. Алайда арғы бетке жеткеннен кейін, олардың кері қайтуға шамасы жетпей, құтқарушылардың көмегіне жүгінуге мәжбүр болған.
Хабарлама түскен бойда оқиға орнына құтқарушылар жедел жетті. Олар қайықтың көмегімен үш тұрғынды да қауіпсіз жерге – өзен жағасына жеткізді.
Өзеннен өткен азаматтардың ешқайсысына медициналық көмек қажет болмады, олардың денсаулығына қауіп төніп тұрған жоқ.
Төтенше жағдайлар министрлігі өңір тұрғындары мен қонақтарына судағы қауіпсіздік ережелерін қатаң сақтауды және су айдындарын кесіп өтпес бұрын өз күштерін дұрыс бағалауды ескертеді.
«Бір қарағанда тынық көрінген өзеннің өзі үлкен қауіп төндіруі мүмкін», – деп атап өтті мекеме мамандары.