Әлем кубогі: Қазақстан құрамасы көркем жүзуден күміс жүлде иеленді

Друзин еркін бағдарламаның финалдық бәсекесінде турнирдің ең жоғары нәтижелерінің бірін көрсетті

Әлем кубогі: Қазақстан құрамасы көркем жүзуден күміс жүлде иеленді
Фото: ҰОК

Қазақстандық спортшы Виктор Друзин Торонтода өтіп жатқан көркем жүзуден Әлем кубогінің суперфиналында ел қоржынына кезекті медальді салды. Ол ерлер арасындағы еркін бағдарламада үздіктер қатарынан көрінді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Друзин еркін бағдарламаның финалдық бәсекесінде турнирдің ең жоғары нәтижелерінің бірін көрсетіп, Әлем кубогінің күміс жүлдегері атанды. Бұл марапат Қазақстан құрамасының Канададағы бұл додада жеңіп алған екінші жүлдесі болды.

Шешуші қойылымда қазақстандық су шебері 248.5525 балл жинап, тұғырдың екінші сатысына көтерілді. Жарыстың алтын медалі 255.9600 балл жинаған Ұлыбритания өкілі Ранджуо Томблинге бұйырса, үшінші орынды 246.2639 балл көрсеткішімен италиялық спортшы Филиппо Пелати иеленді.

Виктор Друзиннің бұл жетістігі елдегі ерлер арасындағы көркем жүзу спортының халықаралық деңгейде серпінді дамып келе жатқанын тағы бір мәрте дәлелдеді.