«Болашақ» бағдарламасымен алғаш рет AI мамандары шетелге тағылымдамадан жіберіледі
Биыл халықаралық стипендия 184 қазақстандыққа тағайындалды, олардың қатарында жасанды интеллект саласының мамандары да бар
Мемлекеттік кеңесші Ерлан Кариннің төрағалығымен Шетелде кадрлар даярлау жөніндегі республикалық комиссияның кезекті отырысы өтті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Конкурс қорытындысы бойынша комиссия Қазақстанның 184 азаматына халықаралық «Болашақ» стипендиясын тағайындау туралы шешім қабылдады. Орта есеппен бір орынға алты үміткерден келген.
Жаңа стипендиаттардың 137-сі магистратурада, 10-ы докторантурада білім алады. Ал 37 қазақстандық шетелдік жоғары оқу орындары мен ғылыми орталықтарда кәсіби тағылымдамадан өтеді.
Өткен жылдың соңында республикалық комиссия жасанды интеллект саласы бойынша кәсіби тағылымдамалардың жеке санатын бекіткен болатын. Осы жолғы отырыста аталған бағыт бойынша стипендиялар алғаш рет тағайындалды.
Сонымен қатар 51 қазақстандық әлемнің жетекші ғылыми-зерттеу орталықтарында ғылыми тағылымдамадан өтуге грант алды.
Отырыс барысында талантты шығармашыл жастарды қолдау мақсатында «Болашақ» бағдарламасы бойынша бакалавриатта оқуға үміткер бола алатын санаттар тізімі кеңейтілгені айтылды.
Енді халықаралық пәндік олимпиадалар мен ғылыми жобалар байқауларының жеңімпаздары және жүлдегерлерімен қатар халықаралық шығармашылық орындаушылар байқауларының жүлдегерлері де «Болашақ» стипендиясына үміткер бола алады.
Отырыс қорытындысында Мемлекеттік кеңесші Ерлан Карин халықаралық «Болашақ» стипендиясын одан әрі жетілдіру және іске асыру бағытында бірқатар нақты тапсырма берді.