Астанада қоқыс төгетін жүк көліктері дронның көмегімен табылды (ВИДЕО)

Құрылыс қалдықтарын төккені анықталды

Астанада қоқыс төгетін жүк көліктері дронның көмегімен табылды (ВИДЕО)
Фото: Видеодан скрин

Астанада белгіленбеген орындарға қоқыс төгетін жүк көліктері дронның көмегімен табылды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Қалалық ПД мәліметінше, бейнебақылау камераларын мониторингтеу барысында құрылыс қалдықтарын заңсыз төгу дерегі анықталды. Тексеру нәтижесінде жүк көлігінің жүргізушісі «Shacman» маркалы автокөлікпен қала аумағында құрылыс қалдықтарын рұқсат етілмеген жерге төккені белгілі болды. Құқық бұзушы анықталып, әкімшілік жауаптылыққа тартылды.

«Полиция құрылыс және өзге де қалдықтарды тек арнайы белгіленген орындарға ғана шығаруға болатынын ескертеді. Жыл басынан бері елордада абаттандыру ережелерін бұзудың 24 мыңнан астам дерегі анықталды. Барлық факті бойынша құқық бұзушылар әкімшілік жауаптылыққа тартылған», – делінген ПД хабарламасында.

«Таза Қазақстан» акциясы аясында полиция қызметкерлері қала аудандарының барлығында аумақтарды ластау, құрылыс және тұрмыстық қалдықтарды заңсыз төгу мен жинақтау фактілерін анықтау жұмыстарын жалғастыруда. Барлық анықталған құқық бұзушылықтар тіркеліп, кінәлі тұлғалар қолданыстағы заңнамаға сәйкес жауапқа тартылады.