«Кітап оқитын ұлт»: Ұлытау облысының әкімі жобаның эстафетасын Жамбыл облысына тапсырды (ВИДЕО)

Жобаның жеңімпазы iPhone телефонының соңғы үлгісіне ие болады

«Кітап оқитын ұлт»: Ұлытау облысының әкімі жобаның эстафетасын Жамбыл облысына тапсырды (ВИДЕО)
Фото: «Кітап оқитын ұлт» жобасының ұйымдастырушылары

Ұлттық сананы жаңғыртуды және қоғамның интеллектуалдық әлеуетін арттыруды көздейтін «Кітап оқитын ұлт» ауқымды жобасы аясындағы өңіраралық әдеби эстафета ресми түрде Жамбыл облысына жол тартты. Санасы сергек, ой-өрісі кең және білімді ұрпақ тәрбиелеудің берік негізіне айналған бұл бастама заманауи зиялы қоғам құрудың басты кепілі саналады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Бұған дейін эстафета тізгінін ұстаған Шығыс Қазақстан облысының әкімі Нұрымбет Сақтағанов кезекті Ұлытау облысының әкімі Дастан Рыспековке жолдаған болатын. Ұлытау облысының басшысы эстафетаны қабылдап, оқырман қауымға Сингапур мемлекетінің негізін қалаушы, көрнекті реформатор Ли Куан Юдің «Үшінші әлемнен – біріншіге» атты тарихи-ғұмырнамалық кітабын оқуды ұсынды.

«Бүгінде Ұлытау облысы жаңа даму кезеңіне қадам басты. Өңірде жаңа өндіріс орындары ашылып, инфрақұрылым жаңарып, халықтың тұрмыс сапасын арттыруға бағытталған ауқымды жобалар жүзеге асырылуда. Қазіргі заманауи дәуірде кітап оқу мүмкіндігі әлдеқайда қолжетімді», – деп атап өткен Ұлытау облысының әкімі барша отандастарымызды үздіксіз білім алуға және ел өркендеуіне үлес қосуға шақырды.

Өз кезегінде Дастан Рыспеков әдеби марафонның жолын әрі қарай жалғастыру үшін жоба тізгінін Жамбыл облысының әкімі Ербол Қарашөкеевке табыстады.

Айта кетейік, жобаның өткен кезеңінде Шығыс Қазақстан облысының әкімі Нұрымбет Сақтағанов оқырмандарға классик жазушы Оралхан Бөкейдің «Кербұғы» шығармасын оқуды ұсынған еді.

Аталған туынды бойынша «Хабар» телеарнасының таңғы эфирінде арнайы интеллектуалдық викторина ұйымдастырылды. Тартысты өткен ойында студияға үшінші болып байланысқа шығып,  сұрақтарға мүдірмей жауап берген Астана қаласының тұрғыны Жансая Абдрашитова соңғы үлгідегі iPhone смартфонын ұтып алды. «Кітап оқитын ұлт» жобасы – тек кітап оқу мәдениетін қалыптастырып қана қоймай, халқымыздың рухани өрлеуіне жол ашатын бірегей тетік.