Арал ауданында жемқорлардан қайтарылған ақшаға ауыз су жүйесі салынды
Ауыз су жүйесі салынған ауылда 2000-нан астам адам өмір сүреді
Қызылорда облысының Арал ауданындағы Абай ауылында жемқорлардан қайтарылған ақшаға жаңа ауыз су жүйесі салынып, салтанатты түрде іске қосылды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Прокуратураның мәліметінше, жобаның жүзеге асырылуы 2000-нан астам ауыл тұрғынының сапалы ауыз суға қол жеткізуіне мүмкіндік берді.
Осыған дейін ауыл тұрғындары ауыз су мәселесінде бірқатар қиындыққа тап болып келген. Жаңа су жүйесінің іске қосылуы халықтың тұрмыс сапасын жақсартып, әлеуметтік инфрақұрылымды дамытуға маңызды серпін берді.
«Ауыз су нысанының пайдалануға берілуі мемлекетке қайтарылған активтердің халық игілігіне тиімді жұмсалып жатқанын және әлеуметтік әділдікті қамтамасыз етуге бағытталған мемлекеттік саясаттың нақты нәтижесін көрсетеді. Өңірдегі әлеуметтік маңызы бар нысандардың құрылысы мен пайдалануға берілуі прокуратура органдарының тұрақты бақылауында», – делінген прокуратураның хабарламасында.