Қазақстан армиясы әлі 1940 жылдардағы қару-жарақты қолданып жүр ме

Асқар Мұстабеков Қарулы күштерде қару-жарақты жаңғырту жүріп жатқанын айтты

Қазақстан армиясы әлі 1940 жылдардағы қару-жарақты қолданып жүр ме
Фото: istockphoto.com

Қорғаныс министрінің тәрбие және идеологиялық жұмыстар жөніндегі орынбасары Асқар Мұстабеков Қазақстан армиясында 1940 жылдардағы қару-жарақ қолданылатыны туралы ақпаратты жоққа шығарды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.    

Мәжіліс кулуарында журналистер оқу-жаттығулар кезінде ескі қару-жарақ қолданылатыны туралы ақпараттың рас-өтірігін сұрады.

«Бұл шындыққа сәйкес келмейді. Біздің Қарулы күштерде қазіргі таңда қару-жарақтарды жаңғырту жұмысы жүргізіліп жатыр. Жаңадан ұшқышсыз ұшу аппараттары, оларға қарсы қолданылатын қару-жарақтар енгізіліп жатыр. Сонымен қатар осы техниканы меңгеретін операторлар даярланып жатыр», – деді Асқар Мұстабеков.

Журналистер Отардағы оқу-жаттығу полигонында ескі қару-жарақтарды өз көздерімен көргендерін айтқан кезде, министрдің орынбасары мұндай мәліметпен келіспейтінін жеткізді.

«Ондай жоқ. Мысалы, ірі мемлекеттерді алып қарасаңыздар, олар 1978-1980 жылдары шығарылған қаруларды қолданып жатыр. Тіпті кейбір елдерде 40-жылдардағы қару-жарақтар да бар. Бірақ олар өзінің тиімділігін дәлелдегендіктен пайдаланылып отыр. Ал бізде қырқыншы жылдардағы қару-жарақтар жоқ», – деді Мұстабеков.