Қазақстан 11 жылға 154,7 млрд иена қарыз алатын болды: Мәжіліс келісімді ратификациялады

Қаржы министрі бұл қаражат Үкіметтің басым міндеттерін қаржыландыруға бағытталатынын айтты

Қазақстан 11 жылға 154,7 млрд иена қарыз алатын болды: Мәжіліс келісімді ратификациялады
Фото: ЖИ арқылы жасалды/Google Gemini

Қазақстан үкіметі жалпы сомасы 154,7 млрд жапон иенасын құрайтын қарыз алуды жоспарлап отыр. Бұл туралы Мәжілісте қаржы министрі Мәди Такиев мәлімдеді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Министрдің айтуынша, депутаттардың қарауына Қазақстан Республикасы мен Халықаралық Қайта Құру және Даму Банкі, сондай-ақ Азия Инфрақұрылымдық Инвестициялар Банкі арасындағы қарыз туралы келісімдерді ратификациялау жөніндегі заң жобалары енгізілген.

«Қазақстан Республикасы Президентінің биылғы 15 мамырдағы және 15 маусымдағы жарлықтарына сәйкес, жалпы сомасы 154,7 млрд жапон иенасын құрайтын қарыз туралы келісімдерге 2026 жылғы 20 мамырда және 15 маусымда қол қойылды. Жапон иенасын таңдау оның төмен пайыздық мөлшерлемесіне және теңге мен иена арасындағы тығыз байланысқа негізделген», – деді Мәди Такиев.

Оның сөзінше, тартылатын қаражат Үкіметтің бірінші кезектегі міндеттерін орындауға және экономиканың маңызды салаларын қаржыландыруға жұмсалады.

«Аталған банктердің қарыздары 5 жылдық жеңілдік кезеңін қоса алғанда, 11 жыл мерзімге беріледі. Қарыздар бойынша міндеттемелер республикалық бюджет қаражаты есебінен өтеледі», – деді министр.

Мәди Такиев халықаралық қаржы институттарының Қазақстан экономикасына елеулі үлес қосып отырғанын атап өтті.

Оның мәліметінше, Қазақстан Халықаралық Қайта Құру және Даму Банкіне 1992 жылы, ал Азия Инфрақұрылымдық Инвестициялар Банкіне 2017 жылы мүше болған. Осы уақыт аралығында тараптар арасында экономиканың түрлі салаларын қамтитын ұзақмерзімді ынтымақтастық қалыптасқан.

«Банктердің белсенді қатысуымен бірқатар жоба табысты іске асырылып жатыр. Әлеуметтік-экономикалық дамуға бағытталған гранттар бөлініп, техникалық көмек көрсетілуде. Жалпы тартылған инвестициялар сәйкесінше 10,7 млрд және 1,1 млрд АҚШ долларын құрады», – деді ол.

Министрдің айтуынша, қазіргі таңда Қазақстанның борыштық көрсеткіштері рұқсат етілген шектерден аспайды.

«Еліміздің қаржылық орнықтылығы жетекші рейтингтік агенттіктердің тұрақты болжамы бар жоғары кредиттік рейтингтерімен расталып отыр. Ірі халықаралық қаржы ұйымдарының сарапшылары Қазақстанның борыш деңгейін басқаруға болатын төмен деңгейде деп бағалайды», – деді Такиев.

Қаржы министрі халықаралық қаржы ұйымдарынан жеңілдетілген шарттармен қарыз тарту әлемдік тәжірибеде кең қолданылатынын айтып, аталған келісімдерді ратификациялау Қазақстан үшін теріс әлеуметтік-экономикалық немесе құқықтық салдарға әкелмейтінін жеткізді.

Мәжіліс Қазақстан Республикасы мен Халықаралық Қайта Құру және Даму Банкі арасындағы қарыз туралы келісімді («Экономиканың инклюзивті және орнықты өсуі» даму саясатын қаржыландыруға арналған екінші қарыз) және Қазақстан Республикасы мен Азия Инфрақұрылымдық Инвестициялар Банкі арасындағы қарыз туралы келісімді (Инклюзивті және орнықты экономикалық өсу бағдарламасы) ратификациялады.