Маңғыстауда әйел адам ұятты жеріне бір пакет алтын жасырып, шекарадан өтпек болған

Тексеру нәтижесінде жасырылған 34 дана зергерлік бұйым анықталып, тәркілен

Маңғыстауда әйел адам ұятты жеріне бір пакет алтын жасырып, шекарадан өтпек болған
Фото: Маңғыстау облысы бойынша Мемлекеттік кірістер департаменті

Маңғыстау облысында Мемлекеттік кірістер департаментінің «Құрық» кеден бекетінің қызметкерлері әйел адамның бір дорба алтын әшекейлерді Қазақстан аумағына заңсыз алып өтпек болған әрекеттің жолын кесті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Мемлекеттік кірістер департаментінің баспасөз қызметінің мәліметінше, 1964 жылы туған Қазақстан азаматы паспорттық бақылаудан өткеннен кейін жүріс-тұрысы кеден қызметкерлерінің назарын аударған. Әйелдің қадамы баяулап, қолын үнемі ішіне қойып жүргені байқалған. Осыған байланысты кеден қызметкерлері, Шекара қызметі, Экономикалық тергеп-тексеру департаменті және көлік прокуратурасының өкілдерімен бірлесіп жеке тексеру жүргізген.

«Тексеру нәтижесінде әйелдің жыныс мүшесінде жасырылған 34 дана зергерлік бұйым анықталып, тәркіленген. Олардың қатарында 15 жиынтық (сырға мен сақина), жеті сақина, үш жұп сырға, бір шынжыр және сегіз түрлі білезік болған. Бұл факті бойынша Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес процессуалдық іс-шаралар жүргізіліп жатыр», – деп хабарлайды ведомствоның баспасөз қызметі.

Мемлекеттік кірістер департаменті адам денесіне жасырып тауар тасымалдау кеден заңнамасын өрескел бұзу болып саналатынын және мұндай әрекеттер үшін әкімшілік әрі қылмыстық жауапкершілік қарастырылғанын ескертеді.