Атбасар ауданының орталығындағы фонтанды жөндеу үшін әкімдік 170 млн теңге шашпақ болған

Облыстық прокуратура бюджет қаражатының тиімсіз жұмсалуының алдын алды

Атбасар ауданының орталығындағы фонтанды жөндеу үшін әкімдік 170 млн теңге шашпақ болған
Фото: ЖИ арқылы жасалды/Google Gemini

Ақмола облысына қарасты Атбасар ауданының орталығындағы фонтанды жөндеуге әкімдік 170 млн теңге шашпақ болған, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Белгілі болғандай, талдау барысында Құрылыс бөлімі аудан орталығындағы субұрқақты қайта жаңғырту жұмысына 170 млн теңгеден астам сомаға шарт жасағаны анықталды.

«Жобалық-сметалық құжаттаманы зерделеу кезінде оған оң қорытындының екі жылдан астам уақыт бұрын берілгені белгілі болды. Алайда талдау жүргізілген сәтте аталған жобаны іске асыруға бюджет қаражаты бөлінбеген. Сонымен қатар, мердігер ұйым бұған дейін сот шешімімен мемлекеттік сатып алудың жосықсыз қатысушысы деп танылған», – делінген прокуратураның хабарламасында.

Прокуратураның қадағалау актісі негізінде аталған мемлекеттік сатып алу рәсімі күшін жойды. Бұл бюджет қаражатының тиімсіз жұмсалуына жол бермеуге мүмкіндік берді.