Қазақстанда алаяқтар жаңа деңгейге шықты: олар қарияларды алдау үшін енді қазақ тілінде сөйлейтін болды (ВИДЕО)

Олар арнайы бағдарлама арқылы түрін ауыстырып, қазақша сөйлеуге көшті

Қазақстанда алаяқтар жаңа деңгейге шықты: олар қарияларды алдау үшін енді қазақ тілінде сөйлейтін болды (ВИДЕО)
Фото: Видеодан скрин

Қазақстанда алаяқтар жаңа деңгейге шықты, олар қарияларды алдау үшін енді қазақ тілінде сөйлейтін болды. Алматы облысында Қарасай ауданының егде жастағы тұрғындары алаяқтардың құрбаны бола жаздады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Облыстық Полиция департаментінің мәліметінше, зейнеткерлер алаяқтардың жиі қолданатын схемалары туралы хабардар болғанына қарамастан, қаскөйлер олардың сеніміне кіре алған. Себебі олар қазақ тілінде еркін сөйлеп, ешқандай акцентсіз түрлі ұйымдардың қызметкерлері ретінде хабарласқан.

«Полиция қызметкерлері аталған фактіні дер кезінде тіркеп, қажетті шараларды қабылдады. Нәтижесінде азаматтардың қаржылық шығынға ұшырауына жол берілген жоқ. Полиция қызметкерлері дайындаған бейнематериалда алаяқтардың адамдарды жаңылыстыру үшін қолданатын әдістері мен сылтаулары көрсетілген. Мұндай материалдар профилактикалық мақсатта жарияланып, азаматтарға қылмыскерлердің құрбаны болмаудың жолдарын түсіндіруге бағытталған», – делінген ПД хабарламасында.

Жыл басынан бері Алматы облысы Полиция департаментінің Киберқылмысқа қарсы іс-қимыл басқармасы интернет-алаяқтықтың 30 дерегінің алдын алып, азаматтардың қаражатын сақтап қалуға мүмкіндік берді.

Полиция азаматтарды қырағылық танытуға, бөгде адамдарға жеке деректерін, SMS-хабарламалардағы кодтарды, банк карталарының деректемелерін бермеуге және күмәнді қоңыраулар туралы құқық қорғау органдарына дереу хабарлауға шақырады.