Иран АҚШ-пен келіссөздерді жалғастырудың басты шартын айтты
Тегеран жақын күндері АҚШ-пен өзара түсіністік меморандумына қол қоюы мүмкін
Иран Ислам Республикасының Сыртқы істер министрі Аббас Аракчи Вашингтонмен арадағы келіссөздердің барысына қатысты маңызды мәлімдеме жасады. Тегеран жақын күндері АҚШ-пен өзара түсіністік меморандумына қол қоюы мүмкін, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Иран мемлекеттік телеарнасының эфирінде сөйлеген СІМ басшысы келіссөздер процесінің қалай жүріп жатқанын түсіндірді. Оның айтуынша, құжатқа жақын арада цифрлық форматта қол қойылу ықтималдығы жоғары. Алайда Аббас Аракчи Тегеранның бұл мәселедегі қатаң ұстанымын жеткізді. Егер АҚШ тарапы уағдаластықтарды орындамаса, диалог біржола тоқтайды.
«Егер меморандум ережелері іс жүзінде жүзеге асырылмаса, түпкілікті келісім бойынша ешқандай келіссөздер жүргізілмейді», — деді Иран СІМ басшысы.
Сыртқы істер министрі келіссөздер барысында талқыланып жатқан бірнеше маңызды мәселеге тоқталды. Оның айтуынша, ең өзекті тақырыптардың бірі – уранды байыту мәселесі. Тегеран 60 пайызға дейін байытылған уранға қатысты түйткілді шешудің жалғыз жолы оны Иран аумағында сұйылтып, байыту деңгейін төмендету деп есептейді. Сондай-ақ келіссөздерде Ормуз бұғазы мен теңіз блокадасы мәселесі де қарастырылған. Меморандум жобасында АҚШ енгізген теңіз блокадасын алып тастау және Ормуз бұғазын басқарудың жаңа тәртібіне қатысты тармақтар қамтылған. Бұл бағытта Оманмен де нәтижелі келіссөздер жүргізілгені айтылды. Бұдан бөлек, тараптар қаржы мәселесін де талқылап жатыр. Ықтимал келісім аясында Иранның шетелде бұғатталған қаржылық активтеріне қол жеткізу тетіктері қарастырылуда.
Сонымен қатар Аббас Аракчи қазіргі уақытта халықаралық бұқаралық ақпарат құралдарында жарияланып жатқан келісім мәтіндерінің нұсқаларын ресми түрде растамайтынын мәлімдеді.
Еске сала кетейік, осыған дейін Иранның Сыртқы істер министрі Аббас Аракчи АҚШ-пен қақтығыста жеңіске жеткендерін және қазір соғысты тоқтатуға ең қолайлы кезең туғанын мәлімдеген еді.