Шарбақтыда ер адам ішімдік ішіп отырып, досын аяусыз өлтірген: қылмыстың беті төрт жылдан кейін ашылды (ВИДЕО)
Қайғылы оқиға 2022 жылы қыркүйекте болған
Павлодар облысында осыдан төрт жыл бұрын жасалған аяусыз қылмыстың ізі ашылып, күдікті сегіз жылға сотталды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Ішкі істер министрлігінің мәліметінше, биыл жедел-іздестіру іс-шараларының нәтижесінде денсаулыққа қасақана ауыр зиян келтіру бойынша 17 іс ашылды. Ал оның ішінде төрт жағдайда адам өлімі болған.
Павлодар облысында төрт жыл бұрын болған адам өлімі қылмысы ашылды. 2022 жылдың қыркүйегінде Шарбақты кентіндегі жеке үйлердің бірінен жергілікті тұрғынның мәйіті табылған. Оның денесінде көптеген жарақат болған.
Жедел-тергеу іс-шараларының жүргізілгеніне қарамастан, қылмысты ізін суытпай ашу мүмкін болмады. 2026 жылы полиция қызметкерлерінің мұқият жұмысы, қосымша жедел-іздестіру шараларын жүргізуі және марқұмның байланыс ортасын толық тексеруі нәтижесінде күдікті анықталды. Ол қаза тапқан азаматтың танысы болып шықты.
Тергеу барысында оқиға күні ер адамдардың бірге спирттік ішімдік ішкені анықталды. Араларында туындаған жанжал кезінде күдікті жәбірленушіге дене жарақаттарын салған, соның салдарынан ол көз жұмған. 9 ақпанда жиналған дәлелдердің негізінде күдікті өз кінәсін мойындап, уақытша ұстау изоляторына қамалды.
Наурыз айында Павлодар облысы Шарбақты аудандық сотының үкімімен ол кінәлі деп танылып, сегіз жылға бас бостандығынан айырылды.