Жаңбыр, бұршақ, +38 градус ыстық: 10 маусымға арналған ауа райы болжамы жарияланды
Елдің бірқатар өңірінде нөсер жаңбыр мен бұршақ жауып, кей жерлерде ауа температурасы +38 градусқа дейін көтеріледі
10 маусым, сәрсенбі күні Қазақстан аумағында құбылмалы күн райы күтіледі, деп хабарлайды Azattyq Rýhy «Қазгидрометке» сілтеме жасап.
Метеорологтардың мәліметінше, атмосфералық фронттардың өтуіне байланысты еліміздің басым бөлігінде ауа райы құбылмалы болады.
«Жаңбыр жауып, найзағай ойнайды, бұршақ түсуі мүмкін. Елдің солтүстік-батысы мен солтүстігінде қатты жауын-шашын күтіледі. Республика бойынша жел күшейеді, ал оңтүстік өңірлерде шаңды дауыл болуы ықтимал. Солтүстік, солтүстік-батыс, батыс және оңтүстік-батыс аймақтарда түнгі және таңғы уақытта тұман түседі», – деп мәлімдеді синоптиктер.
Болжамға сәйкес, Павлодар, Шығыс Қазақстан, Алматы облыстарында, сондай-ақ Жетісу және Абай облыстарында күн қатты ысып, ауа температурасы +35...+38 градусқа дейін көтеріледі.
Сонымен қатар Түркістан, Павлодар, Шығыс Қазақстан облыстарында, сондай-ақ Жетісу, Қарағанды, Жамбыл, Алматы, Қызылорда, Қостанай, Ақмола және Батыс Қазақстан облыстарының жекелеген аудандарында өрт қаупінің жоғары деңгейі сақталады.
Ал Қызылорда, Қарағанды, Түркістан, Алматы, Ақтөбе, Шығыс Қазақстан, Батыс Қазақстан, Павлодар және Қостанай облыстарында төтенше өрт қаупі болжанып отыр.