Қарағанды облысында жасөспірім қыз Көкпекті өзеніне батып кетті

Жасөспірім қыз суға түсуге тыйым салған аумақта шомылған

Қарағанды облысында жасөспірім қыз Көкпекті өзеніне батып кетті
Фото: istockphoto.com

Бұқар жырау ауданына қарасты Көкпекті ауылында қайғылы оқиға болды, 2011 жылы туған қыз бала Көкпекті өзеніне батып кетті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Төтенше жағдайлар департаментінің алдын ала мәліметінше, бір топ жасөспірім ересектердің қарауынсыз өзенге шомылған. Оқиға орнына жеткен құтқарушылар қыздың мәйітін жағалаудан шамамен 20 метр қашықтықта, 4 метр тереңдіктен тапқан.

Ведомствоның мәліметінше, аталған аумақта шомылуға тыйым салынғаны туралы белгі орнатылған. Ескерту белгісі биыл 2 маусымда қойылған. Сонымен қатар жазғы демалыс басталар алдында білім беру ұйымдарында су айдындарындағы қауіпсіздік ережелеріне арналған профилактикалық сабақтар өткізілген.

Төтенше жағдайлар қызметі азаматтарды судағы қауіпсіздік талаптарын қатаң сақтауға, жабдықталмаған жерлерде шомылмауға және балаларды қараусыз қалдырмауға шақырды.