Талдықорғанда сарбаздың өліміне кінәлі батальон командирінің орынбасары сотталды

Қайғылы оқиға былтыр 23 қыркүйек күні болған

Талдықорғанда сарбаздың өліміне кінәлі батальон командирінің орынбасары сотталды
Фото: pixabay

Алматы гарнизонының әскери соты Талдықорғанда мерзімді қызметтегі сарбаз Ә. Сейітқалидің қаза болуына қатысты қылмыстық істі қарауды аяқтады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Прокуратураның мәліметінше, 2025 жылғы 23 қыркүйекте жеке құрамның қарумен жұмыс істеу барысында пулеметтен абайсызда оқ атылып, салдарынан қатардағы жауынгер Ә.Сейтқали қайтыс болды.

Іс бойынша қадағалауды жүргізу барысында әскери прокурорлар қайғылы оқиғаның барлық мән-жайларын анықтауға және дәлелдемелерді жинақтауға бағытталған қажетті тергеу және процестік әрекеттердің толық жүргізілуін қамтамасыз етті.

«Тергеп-тексеру барысында батальон командирінің орынбасары қаруды пайдалану кезінде қауіпсіздік талаптарының сақталуын қамтамасыз етпегені, сондай-ақ алдыңғы өткізілген атыстардан кейін қаруды толық тексермегені анықталды. Соның салдарынан ұңғыда қалып қойған оқ әскери қызметшінің қаза болуына себеп болды», – делінген прокуратураның хабарламасында.

Сот талқылауының қорытындысы бойынша аталған лауазымды тұлға Қылмыстық кодекстің 453-бабының 2-бөлігімен (ауыр зардаптарға әкеп соққан қызметке салғырт қарау) кінәлі деп танылып, 4 жылға бас бостандығынан айыру жазасына сотталды.

Үкім заңды күшіне енген жоқ.