«Қазақ энциклопедиясын» меншіктеп алған: түрмедегі Мұхамедиұлының тағы да бір миллиардтаған былығы әшкереленді

Автор: Асыл Арман

Прокуратура Мұхамедиұлының тағы бір мүлкін тартып алды

Фотоколлаж: Azattyq Rýhy/Әбілқасым Есентаев

Прокуратура экс-министр А. Мұхамедиұлымен байланысты компанияның заңсыз иелігінде болған «Қазақ энциклопедиясы» ЖШС-ны толықтай мемлекетке қайтарды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Алматы қаласы прокуратурасының мәліметінше, 2015 жылы «Қазақ энциклопедиясы» ЖШС-нің 100% үлесі жылжымайтын мүлік түріндегі активтері заңсыз иеліктен шығарылған, жеке заңды тұлғамен заңсыз жекешелендірілген (Әуезов ауданындағы ауданы 2 108,3 м2 жер учаскесі бар ғимарат).

Мемлекеттің мүліктік мүдделерін қорғау мақсатында Алматы қаласы Әуезов ауданының прокуратурасы жекешелендіру шартын және одан кейінгі мәмілелерді жарамсыз деп тану туралы сотқа талап-арызбен жүгінген.

«Кассациялық соттың қаулысымен прокуратураның талап-арызы толық көлемде қанағаттандырылды, құны 1,3 млрд теңге болатын актив мемлекетке қайтарылады», – делінген прокуратура хабарламасында.

Айта кетейік, осыған дейін Бас прокуратура Арыстанбек Мұхамедиұлының кезінде арзанға сатып алған нысандарын мемлекет меншігіне қайтарып жатқаны хабарланған.

Еске салсақ, 2022 жылдың 28 мамырында сот санкциясы шығып, Ұлттық музей директоры болған Арыстанбек Мұхамедиұлы қамауға алынды. Экс-министрге «Алтын адамның әлем мұражайлары бойынша шеруі» халықаралық көрмесін өткізуге, сондай-ақ «Қазақстанның ұлттық киелі нысандары мен музей қорларын жалпымемлекеттік фотограмметриялық 3D-сканерлеу» және «Қазақстан Республикасының Ұлттық цифрлық киноколлекциясын цифрландыру» жобаларына бөлінген бюджет қаражатын ұрлау фактілері бойынша айып тағылды.

Бұдан бөлек, Арыстанбек Мұхамедиұлының Мәдениет және спорт министрі лауазымында болған кезінде туыстарының және үлестес тұлғаларының меншігіне «Су және қолданбалы спорт түрлері бойынша республикалық жоғары спорт шеберлігі мектебі» РМҚК, «Қазақ энциклопедиясы» АҚ және «Қазақ ғылыми-зерттеу мәдениет институты» ЖШС заңсыз берілуіне қатысты тексеріс жүргізілді.

Істі тергеу кезінде Арыстанбек Мұхемадиұлының адвокаты Мұстақым Төлеев актер Тұңғышбай Жаманқұлов кек алу мақсатында экс-министрдің үстінен арызданғанын айтып, сотқа куәгер ретінде шақыруды ұсынды. Бірақ прокурор Тұңғышбай Жаманқұловты сотқа шақырудың маңызы жоқтығын айтып, өтінішін қанағаттандырмады.

Сонымен қатар, Арыстанбек Мұхамедиұлын үйқамаққа жіберу туралы өтініш те қарастырылмады. Судья бұл шешімге келіспеді.22 мамыр күні іске куәгер ретінде бұрынғы Мәдениет министрі Ақтоты Райымқұлова жауап берді. 23 мамырда адвокат Айгерім Әнуарбек Мұхамедиұлы мен оның туған-туыстарына қысым көрсетіліп жатқанын мәлім етті. 24 мамырдағы сот отырысында азапталғанын мәлімдеген Арыстанбек Мұхамедиұлы психологтың көмегі керек екенін айтып, талап етті. Соңғы отырысында прокурор оны 9 жылға бас бостандығынан айыруға ұсыныс айтты.