Кәсіпкер рақымшылыққа ілініп, жазадан құтылып кетуі мүмкін бе
Ішкі істер министрінің орынбасары Санжар Әділов Алматыда қоғамды дүр сілкіндірген Әл-Фараби даңғылындағы жол апатына қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Санжар Әділов жол апатына кінәлі кәсіпкер Александр Пактың рақымшылыққа іліну мүмкіндігі жайлы айтты.
«Ішкі істер министрлігі бұл қылмыстық істі жауапты орган ретінде тергеді. Қазіргі уақытта бұл іс сотқа жолданған. Біз екі жыл бұрын Қылмыстық кодекстің 346-бабына түзетулер енгіздік. Нақтырақ айтқанда, 346-баптың 4-тармақшасына сәйкес, екі немесе одан көп адамның өліміне әкеп соққан жол апаты бойынша кінәлі азаматқа 10 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған», – дейді Санжар Әділов.
Айта кетейік, 21 наурыз күні жантүршігерлік жол апаты салдарынан 3 адам қаза тапқан. Осы жағдайдан кейін полицияның бірқатар басшысы жұмысынан қуылған.