Рецидивистерге рақымшылық жасалмайды – Абзал Құспан
Заңда бұл туралы норма бар
Мәжіліс депутаты Абзал Құспан қылмысты қайталап жасаған тұлғаларға рақымшылық қолданылмайтыны мәлімдеді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
«Қылмыстық кодекстің талаптарына сай, рецидив кезінде қайталанған қылмыстар болса, оларға амнистия қолданылмайды. Бұл норма заң жобасында көрсетілген», – деді мәжілісмен.
Абзал Құспанның мәліметінше, өткен жылғы амнистия аясында түзету мекемелерінен 2 300-ден астам сотталған азамат босап шықты. Осыншама адамның ішінен тек сегіз адам ғана қайтадан қылмыс жасап, қылмыстық-атқару жүйесіне оралған.
«Сондықтан бұл амнистиядан ешқандай қауіп жоқ. Рақымшылық адамдарды жаңа қылмысқа итермелейді деуге ешқандай негіз жоқ», – деп түйіндеді Абзал Құспан.
2025 жылы Конституцияның 30 жылдығына орай жарияланған амнистияға қылмыстық істер бойынша барлығы 15 мың адам ілікті.